Қазақ хандарының ішіндегі байырғы бабалары Жошыдан кейінгі атағы дүркіреген, ең даңқтысы Әз Жәнібектің ұлдары арасында ақылымен де, ерлігімен де ерекшеленген тұлғалысы Қасым болды. 1445-46 жылдары өмірге келген ол, балаң жігіт жасында әкелерінің Қазақ хандығын негіздеуіне куәгер болып, атжалын тартып мініп, осы мемлекетті шайбандықтардан қорғау жолында тер төгіп, тақымы кеппес жортуылдарға белсене қатысты. Әз Жәнібек баласының тамаша қасиеттерін ертерек аңғарса да, оны билікке тартуға асықпады және өзі жасы үлкен немерелес ағасы қазақтың алғашқы ханы Керейді қалай құрметтесе, Қасымнан да өзінен әлдеқайда үлкен Керейдің ұлы Бұрындықты солай құрметтеуді қатал талап етті.
Сондықтан да 1480 жылдардың басында-ақ, Мұхаммед Шайбаниге қарсы күрестерде аты елге мәлім болып таныла тұрса да, хан тағында отырған Бұрындықпен тайталаса қойған жоқ, оған бағыныштылығын сақтап, оның атты әскерлерінің бас қолбасшысы болу лауазымымен қанағаттанды. Тіптен кейініректе өзінің даңқты жорықтары Бұрындық ханның беделіне көлеңке түсірсе де, халық сондықтан да ханды емес, оның өзін тыңдай бастаған тұста да, әке өсиетіне адал болып қалған ол, Бұрындықпен ашық айтыс-тартыстарға барудан қашқақтады. Сондықтан да жау жағадан алған тұста да, егер Бұрындықтың қыстауы Сыр бойында болған болса, ол одан едәуір қашықтықтағы Балқаш, Қаратал маңын қоныстанды. Осы жақтан Қасым сұлтан Шығыс Дешті Қыпшаққа жорықтар ұйымдастырып, маңғыттармен келісімге келіп, Жайық өзеніне дейінгі аймақтарды өзіне қаратып, Сарайшық қаласын басып алды. Алайда ол өзінің басты жауы Мұхаммед Шайбани болып табылатынын ешқашанда есінен шығарған емес. Ол алғаш онымен ымыраға келуге тырысып, Мұхаммед Шайбани Мәсереннахрға жорық жасағанда оған әскери көмек те көрсетті. Алайда атасының хандығын талқандаған қазақтарға Мұхаммед Шайбанидің ешқашанда іші жылыған емес. 1503 жылы Шайбанидің оңтүстіктегі Ташкент қаласын басып алуы осыны дәлелдей түсті. Осы жылдары қазақтардың Түркістан аймағына басып кірулері Мұхаммед Шайбанидің жаулық ниетін күшейте түсті. 1509 жылға дейін ол, қазақ сұлтандарының ұлыстарына үш рет үлкен жорықтар ұйымдастырып, қазақтарды күйзеліске ұшыратты. Келесі жылдың басында Мұхаммед Шайбанидің өзі бастап, өзбектер әскері Ұлытау етегіндегі Қасым сұлтанның қысқы қонысына басып кірді. Әскер жинап үлгере алмаған Қасым кейін, Ұлытау шоқыларына шегініп кетті де, өзінің тастап шыққан ордасында жеңісті тойлап жатқан Шайбанидің алаңғасар қолбасыларына тұтқиылдан бас салып, оларды қанды қырғынға ұшыратты. Жау әскерінің барлық қару-жарағы Қасымның қолына түсті. Осы жеңілістен қатты жүдеген Мұхаммед Шайбани шұғыл жиналып, алды-артына қарамай өзінің астанасына дейін қашты. Жауынгерлік рухы түскен, және шайбанилік туыстары арасында беделден айырылған ол, көп кешікпей-ақ өзінің жаңа
жауы Иран шахы Исмайлға қарсы 1510 жылдың қараша айында Мерв қаласының түбінде болған шайқаста қаза тапты. Мұны сәтті пайдаланған Қасым көп кешікпей-ақ Сыр бойындағы қалаларды өзіне қаратуға кірісті. Ол оңтүстіктегі ең шеткі қала Сайрамға дейін барды. Осындайда беделден жұрдай болған Бұрындықтың хандықтың тағын тастап, Самарқандағы қызының қолына кетіп қалуына байланысты Түркістан аймағының билеушілері және жошылық сұлтандар 1511 жылы Қасымды ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Жеңістермен жігерленген жаңа хан, енді шайбандық билеуші Сүйіндік Қожа иелігіндегі Ташкентті басып алуға әрекеттенді. Алайда Ташкент түбіндегі шайқаста аңдаусызда атынан құлаған Қасым хан, мертігіп, әскерін ұрыстан шығарып, кейін Сайрамға қарай шегініп кетті. Ортақ жауға қарсы күресте Қасымханның сенімді одақтасы қашқарлық моғол ханы шағатайлық Сұлтан Сайд хан болды. Құда-жекжаттыққа негізделген олардың қарым-қатынасына тоқталғанда Қасымның жомарт та қонақжай бейнесі ерекшелене түседі. Сұлтан Сайд ханның 1513 жылы жаз айының соңына қарай Шу өзені бойындағы Қасым ханның ордасында біраз күн қонақ болғаны бар. Сонда Қасым хан қонағына қымыз ішуді ұсынып, бұл сусынның қазақтардың ең сыйлы тағамы екендігін ескертеді. Онан соң қонағын өзінің жылқы табынына алып барған ол, ең таңдаулы екі арғымақтарды жылқышыларға ұстатып, текті жылқылардың екеуін бірдей қонағына сыйға тарта алмайтынын түсіндіріп, олардың бірін Сұлтан Сайд ханның алдына кесе-көлденең тартады. Қасым хан осындай тату-тәтті қарым-қатынастарды басқа көршілерімен де орнықтыруға күш салды. Ол Мәскеу патшасы Василий ІІІ- пен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатты. Бұл тұста Қазақ хандығы деп аталатын мемлекет бар екендігін Еуропа жұрты естіп-білді. Өзіне ноғай-маңғыттардың көп бөлігін қаратқан ол, олармен құда-жекжаттық қатынастарды жолға қою үшін, ноғайдың беделді мырзасы Шейх Мамайға өзінің сүйікті қызы Бұдырыл ханымды ұзатты. Қасымның бір ұлы болашақ қазақ ханы Ақназар да осында, ноғай ордасында тәрбиеленді. Заманы аумалы-төкпелі болса да, Қасым хан қазақ мемлекетін құқықтық және саяси-әлеметтік тұрғыдан нығайтуға барынша күш салды. Осы бағыттағы оның реформалары «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі. Бұл заңдар топтамасы «Құдай жалғыз, хан жалғыз» деген басқару ұстанымын басшылыққа алды. Яғни Қасым ханның мақсаты – билік бір орталыққа, бір адамның қолына шоғырланатын мемлекеттік басқаруды өмірге енгізу болды. Бұл саяси жүйеде ең жоғарғы билеуші болып табылатын хан мемлекетті өзінің уәзірлер кеңесі арқылы жүзеге асыруы тиіс болды. Әкесі Әз-Жәнібек тәрізді өзіне әрқашан да екі «шимайлағышты»(хатшыларды) жақын ұстаған ол, бес ережелер топтамасынан тұратын бұл заңдарды көшіртіп, елге таратты. Зор беделінің арқасында күшті билікке қол жеткізген Қасым хан қазақ мемлекетінің солтүстіктегі және солтүстік батыстағы шекарасын қазіргі Қазақстан аумағына сәйкес келетін көлемге жеткізді. Батыста қазақ жері Жайық өзеніне дейін созылса, ал оңтүстікте Сырдың оң жағын және Ташкент аймағына дейінгі өлкелерді өзіне қосып алды. Өмірінің соңғы жылдарында Жайықтағы
Сарайшықты жайлаған Қасым хан қайтыс болған соң 1521 жылдың басында осында жерленді.