Әйтеке би Байбекұлының туғанына – 370 жыл
Бағытымыз – Нұрата
«Шымкент» қонақүйiнiң алдында жолаушыларды лық толтыра тиеп алған қалааралық бағыттағы автобус таңертеңгi қараңғылықпен Сарыағашқа қарай бет түзедi. Бағытымыз – Өзбекстан республикасындағы Нұрата ауданы.
Ол жерде қазақтың даңқты бiр перзентi, елдiң сөзiн ұстап, көшiн түзеген, аты аңызға айналған Әйтеке би жерленген. Қашанда баба жолын қастерлеп, оның елге, халыққа сiңiрген еңбегiн кейiнгiге үлгi-өнеге етуден ешуақытта кенде қалмаған қазақ емеспiз бе?! Өткен ғасырдың соңына қарай зиялы қауым өкiлдерiнiң көптен көңiлiн күптi етiп, санасын сарсылтқан Әйтеке би бейiтiнiң табылуы, шын мәнiнде, қалың жұртшылықты бiр серпiлтiп тастады. Елдiң бүтiндiгi, қазақтың намысы, бабалардың аманаты деп жүрген азаматтар бастап, қалталы кiсiлер қостап, көп ұзамай үлкен құрылыс жұмыстары қолға алынды. Сөйтiп, мұнда Сейiтқұл әулие мен Әйтеке биге арналған шығыстық үлгiдегi әдемi кесене тұрғызылды (суретте). Жанынан мешiт бой көтердi. Кейiнiрек олардың қатарынан мұражай мен шырақшы үйi және алыс жолдан келген зиярат етушiлерге арнап қонақүй салынды. Мiне, баба басына осындай тарихи-мемориалдық кешен құрылысының бой көтерiп, жас ұрпаққа рухани азық боларлықтай жұмыстардың басы-қасында шымкенттiк белгiлi кәсiпкер, «Әйтеке би» тарихи-мәдени қорының президентi Шаһарбек Оспанұлы Усманов ағамыз жүр.
Сарыағаш ауданынан әрi асып, ел iшiнде «Яллама» аталатын Ш.Қонысбеков атындағы шекара бекетiнен жаяу өттiк. Өзбекстан аумағында бiздi жаңа автобус күтiп тұрды. «Жол ұзақ» деп есiткенбiз. Шынында да, шекара басталатын Шыназ елдi мекенiнен Гүлiстан арқылы Жызаққа дейiн, шамамен, 150 шақырымдай. Жызақта түстенiп алып, Заравшан өзенiн бойлай Самарқан қаласына бет алдық. Екi ара 100 шақырымдай екен. Жол бойы атақты Фан таулары сол жақтан, Заравшан жоталары оң жақтан iлесiп отырды. Құз-жартас күйiнде бiрiне бiрi иық тiрестiре тұрған жақтаулары бар «Әмiр Темiр қақпасын» көрдiк. Кезiнде бұл қақпа арқылы жергiлiктi жұрт жаудың бетiн қайтарып отырған. Осы арадан соғысқа аттанған Ақсақ Темiрдiң қалың қолы жарты әлемдi жаулап алған. Бұл жерлер тарихи оқиғаларға тұнып тұр. Әрбiр тау-тасы, өзен-көлi сөйлегендей.
Самарқанның билеушiсi
Соның бiр дәлелi – Самарқан шаһары. «Шығыстың жауһары» iспеттес Самарқан ғой бұл. Аты әлемге танымал атақты Регистанын көрудiң өзi неге тұрады?! Сол Регистанның басты ғимараттары – ерекше сән-салтанатымен сүйсiндiретiн «Тiллә-кари» медресесi мен «Шер-дор» медресесiн салдырған, Самарқанды отыз төрт жыл билеген Жалаңтөс батыр. «Тiллә-кари» дегенiңiз, қазақтың кәдiмгi «дiлдә» деген сөзiнен шығатын «алтынмен апталған» деген мағынаны бередi. Ал, «Шер-дор» сөзiнiң «жолбарысты» деген мағынасы бар. Қазақтар да ертеректе жолбарысты «шерi» деп атаған ғой. Бұған М.Мағауиннiң «Шақан шерi» деген романы дәлел.
Дегенмен, ең басты мәселе Жалаңтөс баһадүрдiң тегiнде болып тұр. 1581 жылдың жазында Сырдарияның төменгi жағында көшiп-қонып жүрген Кiшi жүз ханы Шығай сұлтан алпыс жыл бойы аттан түспей, талай жортуыл-жорықтарды басынан кешкен екен. Қарт сарбаздың жасы сексенге жеткен шағында жалпақ жұрты жұтқа ұшырап, қатты күйзеледi де, жаңа өрiс iздеп, Нұрата, Қызбибi таулары төңiрегiне барып қоныс тебедi... Ендi бiр деректе дүрбелең өмiр мен билiктен бас тартып, дiн жолын қалап, өз иелiгiндегi Ходжент қаласында Құдайға құлшылық етумен күн өткiздi делiнген. Сол тұста оның ең басты серiгi әрi бас биi Сейiтқұл болған. Ол Шығаймен бiрге 40 мың үй алшындарын соңына ертiп, Нұрата, Қызбибi, Бұқара, Самарқан, Жызақ, Ақтау, Қызылқұм, Тамды төңiректерiне әкелiп қоныстандырған. Сол жылы Жалаңтөс бес жасар көрiнедi. Бiрақ ол қаршадайынан зеректiгiмен, алғырлығымен Бұқара – өзбек ханы Дiнмұхамедтiң көзiне түседi де, оны «өкiл бала» етiп өз қолына алып, тәрбиелей бастайды. Бүгiнде алты ата Әлiмнiң бiр тармағы «Қарамашақ» деп аталады. Бұдан Ораз, Ораздан Ақпан мен Тоқпан тарайды. Тоқпаннан Сейiтқұл, бұдан – Жалаңтөс. Сол Сейiтқұлдан – Ақша би, одан – Байбек. Байбектен – Әйтеке! Мiне, осылайша бүкiл қазақтың сөзiн ұстаған атақты би мен кемеңгер қолбасшы немерелес туыс болып шығады. Әрине, мұның бәрi тарихтан да, қазақтың ауызша шежiресi арқылы да бұрыннан белгiлi.
Бiздiң делегация «Мақтұм-ағзам» мемориалдық кешенiне барып, Жалаңтөс баһадүрдiң басына құран бағыштады. Тарихи дерек айтады. Жалаңтөс батыр дүние салған соң оның қоластындағы Алшын руының адамдары бұрынғы атақонысын сағалап, Түркiменстаннан төмен Арал теңiзiне дейiнгi аралықты, Сырдың екi бетiн мекен еткен көрiнедi. Қазiр Төртқара тайпасы iшiнде Жалаң аталатын ел бар. Олар Қызылорда облысының Қазалы ауданы төңiрегiнде қоныстанған. Бұған сол жерде туып-өскен өз басым куәмiн. Және сол ауданның орталығы болып табылатын Жаңа Қазалы стансасы бүгiнде Әйтекеби кентi деп аталады.
«Хан кеңесi»
Самарқан қаласындағы «Афрасиаб» мейманханасында түнеп шыққаннан кейiн ертелетiп, тағы да жолға шықтық. Самарқаннан Науаи қаласына дейiн 160 шақырым екен. Жол жақсы. Екi сағатқа жетпей-ақ жетiп келдiк. Одан әрi Нұрата елдi мекенiне баруымыз керек. Ол – 65 шақырым. Науаи облысындағы белдi аудандардың бiрi – осы Нұрата.
Мiне, бiз де қос өркештi Нұрата тауының етегiнде қазағымның мәңгiлiк дамылдап жатқан қасиеттi бiр перзентi Әйтеке би мен оның арғы атасы Сейiтқұл бабаның басына құран бағыштап, тағзым етiп отырмыз. Қаншама адамның ниет-пейiлi арқылы бабалар рухы да көтерiлiп, орнынан бiр аунап түскен болар...
Биыл Әйтеке бидiң туғанына тұп-тура 370 жыл толып отыр. Оның әлi күнге дейiн елдiң есiнде, халықтың жүрегiнде жүруiнiң сыры, басты еңбегi – «дала парламентiн» құруға белсене атсалысқаны болса керек. Тарихи зерттеулерге сүйенсек, халықтың сөз ұстар тұлғаларының қатарында Әйтеке би де 1680 жылы Салқам Жәңгiрдiң кiшi ұлы Тәуке ханның таққа отыруына ықпал еткен. Жоңғарлардың iшiнара шабуылдарына қарамастан, қазақтардың жаугершiлiкпен күн кешкен кездерi азайып, «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» деп сипаттайтын кезеңi осы Әз Тәукенiң заманы. Неге? Өйткенi, алғаш рет ресми түрде айрықша құқықты «Хан кеңесi» сайланып, билiк қалың көпшiлiкке беделдi адамдардың пiкiрiмен санасып отырған. Әйтеке би кiшi жүз жұртының атынан осы кеңестiң мүшесi болған. Ол Қазақ мемлекеттiгiнiң қалыптасуында лайықты орны бар алғашқы заңдар жинағының бiрi – «Жетi Жарғыны» шығаруға белсене қатысқан. Оның iшiнде «Әйтеке би енгiздi» деп саналатын екi бап белгiлi. «Олар – «сүйек құны», «өнер құны» деген баптар», – деп жазады Қазақтың Ұлттық энциклопедиясында.
Нұр тараған бабалар
Тарихи кесене басындағы жиынды «Әйтеке би» тарихи-мәдени қорының президентi Шаһарбек Усманов ашты. Ол бабаның 370 жылдығын лайықты өткiзуге байланысты көптеген ұйымдастыру шаралары қолға алынғанын айтты. Соның нәтижесiнде тек Өзбекстан Республикасында тұратын жергiлiктi тұрғындар ғана емес, Қазақстанның бiрқатар облыстарынан беделдi азаматтар жиналды. Олардың iшiнде Қазақстан Парламентi Сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Бөрiбай Жексенбин, Өзбекстанның қоғамдық және ресми билiк басшылары, екi елдiң жазушылары мен мәдениет, өнер саласының өкiлдерi болды. Оңтүстiк Қазақстан облысының ресми делегациясын бастап барған Абдолла Ахметов облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң хатын оқып бердi. Қызылорда облысының ресми делегациясын облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Нұржан Әлiбаев бастап келдi. Ол облыс әкiмi Қырымбек Көшербаевтың сәлемiн жеткiздi.
Конференция үстiнде көптеген әдемi әңгiмелер мен естелiктер айтылды. Мысалы, кезiнде Қызылорда облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, кейiн облыстың ең алғашқы әкiмi болған мемлекет және қоғам қайраткерi, бүгiнде ардагерлер кеңесiн басқарып отырған Сейiлбек Шаухамановтың сөзiн жиналған жұрт ықыласпен тыңдады. Ол Парламент депутаты кезiнде 1997 жылы Самарқанға баласын iздеп келiп, Шәмшi Бүдiр әулие жатқан жерден Жалаңтөс бабаның сүйегiн тауып, елден қалай сүйiншi сұрағанын айтып бердi. Одан әрi сұрастыра келе әкесi Сейiтқұл баба мен оның немересi Әйтеке бидiң бейiтi табылған. «Мұның бәрi тәуелсiз ел болғандығымыздың арқасы. Бұл тағдырлар бiздiң ағайындық қарым-қатынасымыздың тарихтағы жарқын көрiнiсi. Болашақта олар көршiлес екi мемлекеттiң, туысқан қазақ және өзбек ұлтының бұдан әрi де жақындаса түсуiне қызмет ете бередi», – дейдi Сейiлбек ақсақал.
Жиын кезiнде осы iс-шаралардың басы-қасында жүрген бiр топ азаматтар марапатталды. Соңынан қызылордалықтар конференцияға келушiлер үшiн Әйтеке би бабаның құрметiне арнап, дастархан жайып, ас бердi. Ал ертеңiне жергiлiктi қазақтардың ұйымдастыруымен Бұқара қаласында екi елдiң сөз сүлейлерi қатысқан халықаралық ақындар айтысы өттi.
– Мұның бәрi қиын-қыстау кезеңде елдiң басын бiрiктiрiп, бүкiл халықтың тағдырын шешуде үлкен рөл атқарған үш бидiң құрметiне, оларды есте қалдыру үшiн жасап жатқан тiрлiктер, – дейдi осы шараға белсене қатысып жүрген Шымкент қаласының тұрғыны, медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлi Байдаулетов.
– Бабаның асына Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысынан, басым көпшiлiгi Оңтүстiк Қазақстан облысынан әртүрлi әлеуметтiк топ өкiлдерi келiп отыр. Олардың арасында ғалымдар, тарихшылар, мәдениет және бiлiм, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерi бар. Олардың бәрiн автокөлiктермен қамтамасыз етiп, шекарадан жедел өтудiң барлық қам-қарекетiн жасап, қонақүйлерiн қамдап, қыруар iстi тындырып отырған «Әйтеке би» қоғамдық қорына жұртшылық дән риза.
Шынында да, Шаһарбек Оспанұлы тәрiздi азаматтың жат жерде Қазақ елiнiң абыройы, ұлт намысын көздеп, көпшiлiктiң тiрлiгi үшiн жанын сала жүгiрiп, Қызылорда облысы әкiмдiгiне де бiрнеше рет барып, барлығын ұйымдастырып жүргенiн қалай атап өтпеске?! Егер сол қордың басында кәсiпкер емес, басқа адам болса, осыншама шығындардың бәрiн көтере алар ма едi деп те ойлаймын.
Жергiлiктi тұрғындар «Нұрата» деген сөздi парсының «чашма» деген сөзiмен байланыстырады. Бұқарада «чашма» аталып, сәуле шашып тұратын бұлақ пен соның құрметiне ашылған мұражай бар екен. Бiз үшiн сол бұлақтағы нұрдың өзi қазақтың Сейiтқұл, Жалаңтөс, Әйтеке тәрiздi қасиеттi бабаларынан тарап жатқандай көрiнедi.
Суханбердi Оразалыұлы.
Шымкент – Самарқан –
Нұрата – Шымкент.