Бүгін биылғы аса мәнді мерекелердің бірегейі – Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміз бойынша атап өтілуде.
«Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық», – деп сонау 1992 жылдың өзінде, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында, Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайында айтқан елбасымыз осы жылдардың өн бойында тарихқа құрметпен қараудың, өткенімізден өнеге алудың үйренерлік үлгісін көрсетумен келеді.
Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын бүкіл халық болып мерекелеу Тәуелсіздіктің, тек қана Тәуелсіздіктің арқасы екендігі айдан анық.
Айтулы шараға орай Елбасымыздың 2014 жылы жарық көрген тоғыз томдық «Таңдамалы сөздеріндегі» тарих туралы толғаныстарынан топтама түзіп, ұсынып отырмыз.
* * *
Қазақ халқы – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық. Оның тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген XV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, халықтың қалыптасуы бір басқа. Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған қазақ.
* * *
Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады.
* * *
Дешті Қыпшақты билеп тұрған Шәйбан тұқымымен ат құйрығын кесісіп, қол астындағы ұлыстарын Шу бойына алып келіп, Қазақ деген ел еткен Керей мен Жәнібектің орны бөлек.
* * *
Қазақстан тәуелсіздігі – ең алдымен ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі. Азаттық рухы кең көсілген Арқадан кербез Алатауға дейінгі, алтын тамыр Алтайдан кәрі Каспийге дейінгі аралықта ұлан-ғайыр даланың ұлы өркениетін қалыптастырған батыр бабаларымыздың қайсар мінезінен оянған еді. Керей мен Жәнібекке алғашқы Қазақ хандығын құрғызған да сол бостаншыл рух емес пе?
* * *
Қазақ хандығының дүниеге келуі бұрын Қазақстанның барлық аумағында өріс алған әлеуметтік-экономикалық және этносаяси үдерістердің заңды нәтижесі болды.
* * *
Алтайдан Атырауға дейін, Сыр бойынан Тобылға дейін созылған кең-байтақ далада XV ғасырда құрылған Қазақ хандығы Ұлы далада бұрын-соңды болмаған ұлы мемлекеттердің заңды және лайықты мұрагері болып саналады.
* * *
Қазақ ұлтының бүгінгіге дейінгі қат-қабат тарихының мазмұны азаттық үшін күреске сайып келеді. Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі Желтоқсанға дейінгі сан ғасырлық шежіресі бар.
* * *
Халқымыздың қатпар-қатпар тарих қойнауларына тамырын жайған, бірде қасіретті, бірде мейірбан тағдыры ұдайы тәуелсіздікке талпынумен өтті.
* * *
Тарих дегеніміз тек өткеннің сабағы ғана емес. Ол – едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі.
* * *
Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы аппақ парақ бетіне өздігінен түсе қалған жоқ, оның көне дәстүрлері бар. Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну және болашақтың дидарын көзге елестету үшін біз өткенге көз жіберуіміз керек.
* * *
Бүгінгі ісімізге қарап ұрпақтарымыз бізге баға беретін болады.
* * *
Түркі көшпенділерінің әлем тарихында алар орны ерекше. Сан ғасырлар бойында түркілер құрған империялар, әу баста жаугершіліктің арқасында дүниеге келгенімен, бара-бара едәуір дәрежеде өркениетті ендіруші рөл атқарды.
* * *
Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.
* * *
Тарихымыздың тереңдігі мен тұтастығына ешбір байыпты зерттеушілер бүгінде таласа алмайды.
* * *
Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым.
* * *
Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау керек, сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың.
* * *
Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі.
* * *
Халқының басына түскен тауқымет қабырғасын қайыстырып, сол жолда басын бәске тігіп, қасықтай қанын аямай, шыбын жанын шүберекке түйген өр тұлғалардың тағдырын танытатын да, ұрпаққа өнеге етіп, алдына тартатын да – тарих.
* * *
Қай заманда болсын тарих жолы тылсым да қатерлі. Біздің тарихымызда да өрлеу мен құлдырау кезеңдері аз болған жоқ, халқымыз талай тауқымет пен ауыртпалықты бастан кешірген қаралы, қайғылы шақтар да болды. Сонау бағзы заманнан осы күнімізге дейін дербес мемлекеттігіміз жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын қиған ардақтарымыздың ісі мен есімін орасан зор құрметпен еске алатынымыз тегін емес.
* * *
Тарих жолы қашанда тайғақ.
* * *
Шын мәнінде, түп шежіресі сонау түркілерден бас алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жоғалып кетпей, іргелі ел, жоралы жұрт қалпын сақтап қалғаны – оның еркіндік сүйгіш ерік-жігерінің, асқақ рухының арқасы. Осы жолда арғы-бергі замандарда орын алған бас көтерулердің, қозғалыс-көтерілістердің арқасы. Елі мен жері үшін жанын пида еткен боздақтардың арқасы.
* * *
Тарихтың ұлы қайда бағыт ұстап, шерлі шежіре парақтары қанша аударылса да, мыңдаған жылдар бойы Еуразия атты қарт материк талай аласапыран оқиғаларды басынан өткізсе де, осы апайтөс құрлықтың дәл ортасындағы ұшы-қиыры жоқ Ұлы Даланы «үстінде көк аспан, астында қара жер жаралғаннан бері» мекен етіп келе жатқан халық әр кезде де Бостандық, Еркіндік, Азаттық ұғымдарымен өмір сүріп келеді.
* * *
Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы.
* * *
Қазақ халқы өзінің бауырмалдығымен, көрші халқына адалдығымен, құшағының кеңдігімен және қонақжайлылығымен ежелден аты шыққан. Бұл біздің ұлттық мақтанышымызды құрайтын асыл қасиет. Осы қасиеттің арқасында халқымыз мемлекет құраушы ұлт ретінде татулық пен келісімнің ұйытқысы болып келеді.
* * *
Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы.
* * *
Тарихтан тағылым алмағандар өтемін өз қанымен төлейді.
* * *
Тәуелсіздіктің тайғақ кешулі жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белімізді талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз тәуелсіздікке қиын істе тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетеді.
* * *
Өз тарихын сыйламаған, өзін де сыйламайды.
* * *
Біз алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен елміз. Сондықтан халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүрегімен түсіне біледі.
* * *
Біз тарихты ұғынуда дана болуға және бұл тақырыпты саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз.