$ 444.22  476.38  4.82

Түркістан облысының төрт ауылы ауыз сусыз отыр

Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы 4 ауылдың халқы таза ауызсусыз күн кешуде. 10 күн бойына тіршілік нәрін татпаған тұрғындар аптап ыстықта қаталап отырғандарын айтады. Жылдар бойы ағып тұрған судың ауылға неліктен келмей жатқандығын жауапты «Таза су» мемлекеттік мекемесі де анықтай алмай дал деп хабарлайды «Хабар24» телеарнасы.

Еңбекші елді мекені бұрыннан шөлді ауыл санатына жататын. Бір кездері су келіп, халық қатты қуанған. Бірақ та бұл қуаныш көпке созыла қоймады. Он күннен бері таза сусыз қалған халық лас су ішуге мәжбүр.

«Қарақия суды бұрып алады. Халықтың не кінәсі бар? Келген суға ақшасын төлеп тұр. Бастапқыда тәулік бойы ағып тұрған су еді. 2-3 жыл дұрыс жасады да, енді алға қарай жылжудың орнына артқа қарай кетіп бара жатыр», - дейді Еңбекші ауылының тұрғыны Бекжан Найманбаев.

Қазіргі таңда Қазығұрт ауданының 13 ауылы таза ауызсуға зәру. «Оның 10 елді мекеніне сметалық құжаттары жасалып, қазына қаржысының бөлінуін күтуде», – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер.

Қазір ғана ауыл тұрғындарынан жеткен ақжолтай жаңалық бар. Қазығұрт ауданының жауапты мамандары құбырдағы ақауды анықтап, халыққа су бере бастады. Десек те ауданда халықты таза ауызсумен қамту мәселесі 100 пайызға шешілмеген. Әзірге шешімін тапқан тек бір ауыл ғана.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары