$ 448.15  483.46  4.86

Оңтүстіктің келіндері озып тұр

Демографиялық саясатта алдыңғы шептен табылатын Оңтүстік Қазақстан облысында алтын құрсақты аналар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сонымен бірге, бұрынғыдай тек ауыл-аймақта ғана емес, облыс орталығы Шымкент қаласында да көпбалалы аналардың көбейгені көңіл қуантады. «Қаланың келіншегі бала санын көбейтпейді» деген қасаң ұғымды жоққа шығарған шымкенттік 31 929 келін – көпбалалы аналар қатарында. Жалпы, өңірде төрт және одан көп бала туған аналар саны – 167 070. Иә-иә, көз тимесін! Облысымызда «Алтын алқа» тағынған - 16361, «Күміс алқа» тағынған – 42724, І, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған 6906 ана бар.

Ал, Батыр аналар саны облысымызда – 3998. Оның көбі Сайрам ауданында тұрады екен. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының мәліметіне сүйенсек, бала туудан Шымкент қаласынан кейінгі орында Сарыағаш ауданы тұр. Бұл ауданда көпбалалы 24 471 ана тұрады. Айта кетейік, Қазақстанда көпбалалы ана санатына 4 және одан көп бала туған әйел жатады. Кеңестік кезеңде алтын құрсақты аналар даңқын республика көлеміне көтерген Бәйдібек ауданының аналары қазір үшінші орында. Мұнда көпбалалы 23 354 әйел бар. Ал, «Алтын алқа» иегері атанғандардың көбі Мақтаарал ауданында тұрады. Мұнда 4051 ананың төсінде Елбасы Жарлығымен берілген «Алтын алқа» жарқырайды.

Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан мемлекетімізде халық санын көбейтуге үлес қосып отырған аналарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да аз емес.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның ОҚО бойынша филиалы – әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы департаменті директорының орынбасары Үрида Қырықбайқызының айтуынша, бүгінгі таңда «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне мемлекет тарапынан ай сайын 15 392 теңге берілуде. Ал, 4 және одан көп баласы бар аналар (балалары 18 жасқа толғанға дейін) ай сайын 10 мың теңге әлеуметтік төлем алуда.

Әр баланың өмірге келуі ата-ана үшін зор қуаныш. Әулетті болуды аңсаған ата-баба аманатына адалдық танытып жүргендер аз емес. Ал, мұндай аналарға мемлекеттен біржолғы жәрдемақы және баласы бір жасқа толғанға дейін ай сайын әлеуметтік төлем беріледі.

– 1, 2, 3 бала туған әйелдерге мемлекет тарапынан 91 390 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы беріледі. Төртінші баласын босанған әйелдер 151 515 теңге алады. Бұл бір рет берілетін сома. Ал, бала күтімі үшін сәбиі бір жасқа толғанша әр анаға бірінші баласы үшін – 13 853 теңге, екінші бала үшін – 16 379, үшіншіге – 18880, төртінші және одан көп баласы үшін бір жыл бойына 21 405 теңге төленеді. Мүгедек баланы тәрбиелегені үшін мүмкіндігі шектеулі сәбиі бар аналарға ай сайын 29 696 теңге беріледі, – дейді Үрида Қырықбайқызы.

Қазақтың «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дегені де осы болса керек. Әр бала өз несібесімен келеді деп ырымдаған халқымыз бала санын шектемеуді қалайды. Тілеуі «Бала берсең сана бер!» Әр ата-ана баланың тәлім-тәрбиесіне ол дүниеге келісімен жауапты болуды міндет санайды. Ұлттың өзгелерден ерекшелігі де тұнып тұрған даналығында.

Дереккөз: «Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары