$ 494.87  520.65  4.91

Мұхтар Шаханов: Оразалин биліктегі басшылардың туфлиін керемет шеберлікпен жалады

Бүгін еліміздің Жазушылар одағына бүгін жаңа басшы келгені туралы жазған болатынбыз. Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған қаламгерлер кезекті 15-ші құрылтайға жиналып, бұл орынға белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетті лайықты деп тапты. Ал одақты табаны күректей 22 жыл басқарған Нұрлан Оразалинге "құрметті төраға" қызметі ұсынылуы керек болған. Алайда, әбден мезі болса керек, қаламгерлер Оразалинге ол орынды да қимай, қиғылық салды.

Әнұранмен басталып, қалыпты баяндамамен жалғасқан құрылтай орта тұсына келгенде алатайдай бүлінді. Төрт сағатқа созылған тартыста жазушылар одағының қазіргі бет-беделінен бастап, соңғы 22 жыл ішінде атқарылған жұмысқа талай сын айтылды. Әсіресе Мұхтар Шаханов Оразалиннің нағыз жағымпаз екенін айтып, жұрт алдында абыройын төкті.

«Оразалиннің үлкен еңбегі бар. Ол қандай еңбек? Нұрлан биліктегі басшылардың туфлиін керемет шеберлікпен жалады», - деді Қазақстанның халық жазушысы, ақын М.Шаханов.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов те Жазушылар одағының экс-басшысын мысқылмен кекетіп, оның ешқандай да құрметке лайық еместігін ишаралады.

«Осыдан бес жыл бұрынғы құрылтайда Нұрлан Оразалин орнын босататынын айтты. Бірақ 22 жыл босқа отырмаған ғой, өзінің сойылын соғатын жандайшаптарын дайындап қойған екен. Солардың ұсынысымен қайта сайланып шыға келді», - деді ол.

Құрылтайда экс-төрағанының еңбегін жіпке тізіп мақтағандар да көп. Қаржыдан шашау шығармай, өз күнімізді өзіміз көрдік деп Оразалинді жерге түсірмегендер соңында оған "құрметті төраға" қызметін ұсынған. Алайда, қайта-қайта дауысқа салынған ұсыныс сол күйі аяқсыз қалды.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары