Бұған дейін ақтөбелік тілші Гүлсая Ыбырай шалбар киіп келгені үшін Зейнеп Ахметованың өзіне сұхбат бермей қойғанын әлеуметтік желіге жазған еді. Белгілі тележүргізуші Сәуле Әбілдаханқызы Момышұлының келінінің бұл әрекетін дұрыс емес деп отыр.
«Дресс код аса қажет ететін, тіпті, талап ететін жер болмаса, журналистер қауымына «менің қалауыммен, менің талғамыммен киініп кел» деп талап қою - апамды қалай ақтасаңыздар да дұрыс емес.
Мүмкін, ол журналист бүгін бірінші күн жұмысқа шығып, бірінші рет бастығынан тапсырма алып, бірінші рет әбден дайындалып, бірінші рет сұхбат алатынына мәз боп жеткен шығар.
Киімге қарап қарсы алып, киімді талқылайтын қоғам дәрежесінен қашан өнер-білім, ғылымды осылай тартысты талқылар екенбіз?», - деп жазды Әбілдаханқызы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына.
Еске сала кетейік, бұған дейін журналист Гүлсая Ыбырай «...Қасына жақындап, амандасып, шалбар киіп келгеніме кешірім сұрап, бір ауыз пікір сұрадым. Маған жақтырмаған күйі көз тастады да, «шалбар киген журналиске сұхбат бермеймін» деді. Тосылып қалдым. Жүріп кетті. Сонда кешелі бері сұхбат алып жүрген телевизионщиктер бүрмелі көйлек киіп, басына орамал тағып па екен?» деп жазған болатын желідегі парақшасына.