$ 444.22  476.38  4.82

Батыс өңірлерде IT сыныптар ашылуда

 

Былтыр жыл басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялағаны есте. Елбасы өз еңбегінде жастардың бәсекеге қабілетті боулына ерекше мән берген. Ол үшін жастардың санасын жаңғыртумен қатар, олардың білімін жетілдіру керек деді Президент.

Білімін жетілдіру дегенде Мемлекет басшысы қазіргі заманда сұранысқа аса жоғары мамандықтар туралы айтқан болатын. Кейін бұл сөзін жыл соңындағы халыққа арнаған жолдауында тағы қайталады. Яғни, Қазақстанға дәл қазір IT саласының білгірлері қажет. Қазіргі жаһандану заманында осы саланы дамытпасақ дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деуіміз бекер.

Елбасының осы тапсырмаларынан кейін және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында еліміздің өңірлерінде мектептерден жаппай IT сыныптары ашыла бастады. Басты мақсат – өскелең ұрпақ арасында аталған ғылымға деген қызығушылықты арттырып, оны меңгеріп алуға жағдай жасау.

Осы орайда Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында күні кеше дәл осындай ондаған IT сыныбының ашылғанын айта кету керек. Жобаны «Нұр Отан» партиясының өңірлердегі филиалдары жүзеге асырып отыр.

Маңғыстау облысында жоспарланған 35 сыныптың 30-ы ашылып, ағымдағы айдың аяғына дейін қалған бесеуі ашылады деп күтілуде.

Соңғы екі күнде Ақтау қаласындағы №21 орта мектепте, облыстық «Дарын» мектеп интернатында, «Білім-инновация» лицейінде және Мұнайлы ауданындағы №4 орта мектепте ІТ сыныбы ашылды.

Мұнайлы ауданы Дәулет ауылындағы №4 орта мектепте ашылған ІТ сыныпта оқушыларды 3 модуль бойынша оқыта бастаған, олар: вебсайттар құрастыру, анимациялық жобалар жасау және алгоритм бойынша жұмыс жасау. Мектеп директоры Күлмеханова Дина Тлепбергенқызының айтуынша, аталмыш білімді меңгеру қазіргі заман талабы, себебі болашақ осы технологиялармен тығыз байланысты.

«Жаңа технологиялардың тілін меңгерген балалар республикалық және әлемдік деңгейдегі сайыстарға еркін түрде қатыса алады. Сыныпта білім алуға ұмтылған балалар саны жетіп артылады. Біздің жастағы адамдар түсінбегенмен, оқушылар ІТ бағдарламаларын тез арада меңгеріп кетуге әзір», - дейді ол.

ІТ сыныптарындағы балалар топтарға бөлініп оқиды. Бір сабақ 45 минутқа созылады. Онда теория, тәжірибелік жұмыстар мен көпшілік алдына түсіндіру жұмыстары жүреді. Мәселен, Қанат Елбаевтың айтуынша оқушылар жаңадан ашылған сыныпта білім алуға құштар.

«Біз жаңа сыныпта оқуды бастадық, менің ойымша бұл өте пайдалы және мен өз ойымды жүзеге асыруға керемет мүмкіндік алдым. Менің құрдатарым да сыныпта асқан қызығушылық танытуда», - дейді ол.

Бұл күні Ақтөбе облысында да IT сыныбы ашылып, жергілікті жастарды қуанышқа бөледі. Орталық Мұғалжар ауданындағы №1 жалпы орта білім беретін мектепте бой кқтерген. Мұнда қуаттылығы жоғары бірнеше компьютер, 3D принтер, робототехникаға қажетті құрал-жабдықтар бар.

Іс-шаралар «Балалар үшін тегін IT-сынып» партиялық жобасы аясында жүзеге асуда Техника тілін меңгеруді қалайтындардың бірі – Қазбанов Мирас. Ол кішкентайынан компьютерге әуес. Ата-анасы баласының талабын шыңдап, ІТ саласы бойынша Ақтөбе қаласындағы 5 күндік қосымша арнайы үйірмеге берген. Енді Мирас алысқа ат арытпай-ақ, ауылдағы ІТ-сыныбынан бағдарламалау негіздерін меңгермек.

Ал Әлішер Шәкірұлы робот жасап шығарған. Ол өз идеяларын іске асыру үшін LEGO EV3 бағдарламасын пайдалануда.

«Менің жобам "Күшік-робот" деп аталады. Күшіктерді жақсы көретін болғандықтан осылай атадым. Өз идеяларымды іске асыру үшін LEGO EV3 бағдарламасын пайдаланып жатырмын. IT сынып сынып арқылы бұл мүмкіндікті пайдаланып, өзіме қызықты бағдарламаны үйренемін», - дейді ол.

ІТ сыныбының ашылуына қатысқан партияның Мұғалжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Құрания Аймағанбетовтың айтуынша, бұл жерде оқушыларға қарапайым алгоритмдерді құру, еуропалық білім беру стандарттарына сәйкес бағдарламалар мен WEB-сайттарды құру дағдыларын игеруге мүмкіндік жасалған.

Мектепте 827 бала оқиды. Мұнда 39 оқу сыныптары, екі информатика, биология, орыс тілі, интерактивті тақтамен жабдықталған өзін-өзі тану кабинеттері, сондай-ақ 4 мультимедиялық кабинет бар. Балалардың оқуы мен шығармашылық дамуы үшін барлық жағдай жасалған.

Айта кету керек, жақында Ақтөбе политехникалық колледжі жанынан оқыту және қайта даярлау IT-орталығы ашылған болатын. Бұл жерде «Full-stack әзірлеу», «Мобильді әзірлеу», «Big Data Analysis», «Әкімшілік деректер» бағыттары бойынша білім беріледі.

Еске сала кетейік жыл аяғына дейін елімізде 8-16 жас аралығындағы тәлімгерлер үшін 1000 мектепте ІТ сыныбы ашылады. Жалпы саны 450 мың баланы ІТ сыныбында оқыту жоспарланған.

Осы ретте айта кету керек, былтыр елімізде ЭКСПО-2017 көрмесі өткен кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрме базасында үлкен IT орталық ашуды тапсырған болатын. Яғни, Қазақстан осынау саланы дамытуға шындап кіріскен сияқты. Ол үшін елімізде білікті мамандар болуы қажет. Демек, бүгінгі ашылып жатқан IT сыныптар мен орталықтар осы Астанадағы орталықты енді аз жылдан кейін кәсіби мамандармен қаматамасыз ететін болады.

Салтанат Нұртай

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары