$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда «Оңай» картасы иелеріне қызмет көрсететін екінші орталық пайда болды

Алматыда «Оңай» электронды карталарының иелеріне қызмет көрсететін екінші үлкен орталық ашылды. Бұл туралы «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Олардың айтуынша, қаладағы басты орталық бүкіл алматылықтардың сұрауына жауап беріп үлгере алмай жатқан көрінеді.

«Дифференциалдық тарифтің енгізілуімен, сондай-ақ, жаңа оқу жылының басталуымен тамыз бен қыркүйек айларында орталық қызметіне жүгінушілердің саны күрт артты. Біз осы уақыт аралығында барлығы 13 788 адамға қызмет көрсетіппіз. Өтінішпен келген тұрғындардың 90 пайызы жоғалған карталарын қайта қалпына келтіруді сұрады. Біз алматылықтардың сұранысын ескере отырып, қалаға екінші орталықтың керек екеніне көз жеткіздік және оны ашып отырмыз. Енді күн сайын бұл орталықтар 900 адамға дейін қызмет көрсете алады», - деді «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС-нің директоры Садир Хамраев орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде.

Енді алматылықтар «Оңай» картасын жоғалтып, бұғаттап немесе бүлдіріп алған жайғдайда Абылай хан көшесі 3А мекен-жайында орналасқан жаңа орталыққа келіп мәселесін шеше алады. Мұнда тұрғындарға 12 оператор, 2 консультант, 3 кассир және бір менеджер қызмет көрсетуге дайын. Жұмыс уақыты 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін.

Жаңадан ашылған екінші орталықтың көрсететін қызмет түрлері өзгеріссіз қалады. Яғни мұнда алматылықтар келіп «Оңай» карталарын қайта жасата алады және оған ақша салады. Жаңа карта сатып алғысы келетіндер де осы орталықтың қызметіне жүгінсе болады.

«Оңай» карталарын қайта жасату 4 кезеңнен тұрады және небәрі 15-20 минут уақытты алады. Атап айтқанда:

- электронды кезекке тұру үшін талон алу;

- жеңілдікті ақпараттық қорынан тексеру үшін оператордың кеңесін алу;

- картаны қайта жасатуға өтініш жазу;

- картаны қайта жасатудың ақшасын кассаға төлеу және дайын картаны алу.

Айта кетейік, егер «Оңай» картасы жоғалған жағдайда оның балансында болған ақшаны жаңа картаға мобильді қосымша арқылы да аударуға болады. Аталған жоба биыл қыркүйек айында іске қосылды. Оның көмегімен автобустардың бағытын анықтап, карта балансына ақша аударуға, картаны бұғаттауға және жақындарыңыздың картасын біріктіруге болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары