$ 442.05  474.14  4.74

Алматы облысындағы топырақ көшкіні Көлсай өзенінің арнасын толықтай бітеп тастауы мүмкін

Алматы облысы Кеген ауданындағы топырақ көшкіні Көлсай өзені арнасына жетті. Оқиға "Көлсай көлдері" табиғи паркі аумағында болған. Көшкіннен зардап шеккендер жоқ, басқа да шығын тіркелмеген. Көшкен топырақ көлемі 45-50 миллион текше метр деп болжанып отыр.

Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлайды. 19 сәуірде көшкін Көлсай өзенінің оң жағасындағы Малыбек шоқысының батысынан басталған еді. Баяу қозғалған топырақ массасы қазір Сатыдан Көлсайға баратын автомобиль жолын басып қалған. Электр бағандары да құлап істен шыққан. "Көлсай көлдері" табиғи паркі аумағындағы көшкіннің жылдамдығы Төтенше жағдай комитетіне қарасты "Қазселденқорғау" мекемесі басшысы Тоқтар Баймолдаевтың айтуынша, сағатына бір метр деп шамаланады.

Оның облыс әкімі Амандық Баталов қатысқан шұғыл штаб басындағы жиында айтқанына қарағанда, топырақ көшкіні Көлсай өзені арнасын толтырып тастауы мүмкін. Қазір өзеннен екі текше метр су ағып өтеді. Мамырдың соңы - маусымның басында өзендегі су өткізу көлемі ұлғаяды. "Саты ауылына қауіп төніп тұрған жоқ,-" дейді Тоқтар Баймолдаев. Дегенмен ол өзеннің төменгі ағысындағы Алғабас елді мекеніне дейінгі аралықта өзен түбіне ұсақ бөлшектердің отырып қалуынан туындайтын судың жайылуын жоққа шығармайды. Алайда облыс әкімі "Біз мұндайға жол бермейміз,-" деді.

"Қазселденқорғау" мекемесінің басшысының айтуынша, эвакуациялық каналдар, бәлкім, тіпті жару жұмыстарын жүргізу арқылы да өзен ағысын қамтамасыз етуге болады.

Облыс әкімі Амандық Баталов 8 сәуірде Саты маңында жер сілкінісі болып, жаңбыр жауғанын, оқиға болған маңнан тектоникалық жарықтың өтетіндігін еске салып, барлық тау бөктерін, әсіресе, елді мекендер маңын мұқият зерттеу керегін және қауіпсіздікті күшейту туралы айтты.

Ұлттық парктегі көшкін болған жердегі бірнеше үйде адамдар жоқ, жабық тұр. Алайда көшкін маңында жылқы, сиыр тәрізді малдың жайылып жүргенін байқауға болады. Көшкін жүріп өткен жерде малшы үйінің болғаны айтылады. Шұғыл штаб жиынында Азаттық тілшісі осы туралы облыс әкімінен сұрағанда, жергілікті басшылар сол жерде үй емес, тек қора-жайдың болғанын, оның өзін иесі көшкін басталғанда бұзып алып кеткенін айтып жауап берді.

Көшкін болған маңда қажетті техникамен жабдықталған апаттан құтқару бригадасы кезекшілік етіп, жағдайды бақылап отыр.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары