$ 448.89  477.93  4.76

«Жетімдердің көз жасы»: Қарағанды облысының тұрғыны асырап алған үш баласын аяусыз сабап келген

Қарағанды облысында жетімдер үйінен асырап алынған үш бірдей бүлдіршін соққыға жығылды деп мәлімдеді 31-арна. Нүркен ауылының халқы балалардың мұндай қорлықты өз асыраушысынан көріп жатқанын айтады. Ауылдықтар балаларды қамқорлығына алған әйел жетімдерді тәртіпке саламын деп, тіпті қолына түскен затпен ұрады дейді. Ал, басы дауға қалған өгей ана балалардың мектепте сабалғанын айтып отыр.

Төрт, бес және алты жастағы үш баланы жетімдер үйінен Рымбала Ескендірова осыдан бір жарым жыл бұрын асырап алыпты. Туғалы бері ана мейірімін көрмеген балалар бір күннің ішінде отбасылы болғанда халық та шын қуанған екен. Бірақ жарты жыл бұрын бүлдіршіндер оңалту орталығына қайтуға мәжбүр болыпты. Бұған жетімдердің денесіндегі жарақаттар себеп.

«Ұзын күректің сабы болады сонымен баланың арқасынан тартып жіберді. Бала жылап келе жатыр», - дейді осындай жайттардың біріне куә болған Нүркен ауылының тұрғыны Айымгүл Асауова.

Бірінші сыныптың оқушысы мен оның сіңлісінің бет-аузы көгеріп, саусақтары қанталаған күйде келетінін мектеп ұжымы да растайды. Сондықтан болар, қаршадай қыздар сабақтан да жиі қалатын дейді. Өгей анасының бүлдіршіндерді қамшымен сабағанын тұрғындар бірнеше мәрте көрдік дейді. Далада аяусыз таяқпен ұрғанынан жандары түршіккен көршілер жаппай қамқорлық бөліміне хабарласқан.

АЛТЫНГҮЛ МҰСАХАНОВА, тәрбиелеуші:

– Кофтасын көтеріп едім, бәрі көк. Сосын не де болса, балаларды шешіндіріп, соткаға түсіріп алдым.

ҰЛЖАН РАҚЫМБЕКОВА, Нүркен ауылының тұрғыны:

– Жуындырғанда тез жуынсайшы деп қыздардың маңдайынан ұстап алып, шашын жұлқылап әкеліп, кафельге ұрады.

Балаларды азаптайды деп басы дауға қалған Рымбала Ескендірова кінәні мектеп ұжымынан көреді. Тіпті, бүлдіршіндердің оқу ордасында соққыға жығылғанын дәлелдейтін айғақтарым да бар дейді.

Қазір Рымбала Ескендірова үш бірдей бүлдіршінді қайтарып алуға құжат жинап жатыр. Дегенмен, тергеу аяқталмайынша балалар кәмелет жасқа толмағандарға арналған оңалту орталығында қала бермек. Ал, жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін кім соққыға жыққанын қылмыстық іс қозғаған прокуратура өкілдері анықтайды. Қазір осы оқиғаға қатысты сараптама тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары