$ 444.22  476.38  4.82

Алматы облысының тұрғыны 5 жыл бұрын жоғалып кеткен ұлын моладан тапты

Алматы облысының тұрғыны Әсия Бастаева із-түзсіз жоғалып кеткен баласының хабарын бес жылдан кейін бірақ алды деп мәлімдеді 31-арна. Сөйтсе 2013 жылы көлік апатынан қаза болған азамат есімдері анықталмаған жандарға арналған зиратқа жерленіп кеткен екен. Енді марқұмның жақындары осыншама уақыт бойы ұлдары туралы хабар бермеген полиция адам өліміне салғырт қарады деп айыптап отыр.

Қарғалы ауылының тұрғыны Әсия Бастаева жоғалып кеткен баласын іздеп, бармаған жері жоқ. Жаслан Докушев еш жерден табылмаған соң анасы бір күні аман-есен оралар деп үміттеніп жүрген. Сөйтсе кенже ұлы сонау 2013 жылы жер қойнауына тапсырылған екен. Бірақ полиция оны тек жақында ғана хабарлаған.

ӘСИЯ БАСТАЕВА, Қарғалы ауылының тұрғыны:

– Баламыздың суретіне қарап, танып тұрдым енді, көзім жетті сол балам екеніне. Өлген кезде моргте түсірілген суреттер ғой деймін.

Полицияның хабарлауынша Жасланды мамырдың 9-ы күні көлік қағып кеткен. Қатты дене жарақатын алған 24 жастағы жігіт келесі күні аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған. Оны қаққан жүргізуші де кезінде анықталып, сотталған.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, Алматы қаласы ІІД-нің баспасөз хатшысы:

– Полиция қызметкерлері тұрғысынан ешбір заңды бұзу дерегі анықталмаған, өйткені қалтасында бірде бір құжаты жоқ, арнайы өзіміздің шұғыл процедураларды жүзеге асырған кезде де, саусақ іздерін тексерген кезде де ешқандай базадан анықталмаған.

Полиция марқұмның Жаслан екенін бірден анықтай алмадық дейді. Алайда марқұмның туыстары бұл жауапқа күдікпен қарайды. Олар «бала 12 күн мәйітханада жатқанда артынан іздеп барғанбыз, бірақ ешкім жақ ашпады» дейді.

Енді Жасланның жақындары жаназасы шығарылмай, айдалада жерленген бауырының моласын қоршап, басына тас қоймақшы. Содан кейін жұмбақ өлімнің шындығына жету үшін құзырлы органдарға шағымданамыз дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары