$ 447.4  477.55  4.76

Денис Тенді өлтірді деген күдікті 10 күн бұрын Астанада ұрлықпен ұсталып, жазадан сытылып кеткен екен

Даңқты спортшы Денис Тенді өлтірді деп айыпталып, кеше қолға түскен Арман Құдайбергенов 11 шілде күні Астанада көліктің айнасын ұрлап ұсталған екен. Алайда, полиция оны қамаудың орнына бостандыққа жіберіп, тағы бір ауыр қылмыс жасауына мүмкіндік берген. Бұл туралы "Время" газеті жазды.

Басылымның редакциясына астаналық тұрғын Сапар Шәмшиев хабарласып, осыдан он күн бұрын болған оқиға жайында айтып берді. Ол кезде күдікті Құдайбергенов елордада жүрген екен және Шәмшиевтің көлігінің айнасын ұрлап ұсталыпты. Алайда, тәртіп сақшылары оны қамаудың орнына қолхатпен босата салған.

- Оқиға болған күннің ертесіне мен Алматы аудандық ІІБ-не барып, айнамды алып кеттім. Маған полицейлер 7-10 күннен кейін Құдайбергеновтің үстінен сот болатынын ескертті. Оның өзі қайда және кім деп сұрағанымда, бұрын сотталған адам екенін айтты. 13 шілде күні полициядан тағы хабарласып, күдікті Құдайбергеновке менің телефон номерімді беруге рұқсат сұрады. Не үшін десем, кешірім сұрап, бітімге келгісі келетінін жеткізді. Мен бас тарттым, оны соттату керек деп шештім. Өйткені, бұрын да ұрлықпен сотталған екен. Қамалсын дедім. Бүгінгі күнге дейін мен оны қамауда шығар деп ойлағам... - дейді Сапар Шәмшиев.

Алайда, жұма күні кешке С.Шәмшиевтің үйіне полицейлер келіп, Арман Құдайбергенов туралы сұрай бастапты.

- Олар маған Құдайбергеновтің суретін көрсетіп, танисыз ба деп сұрады. Мен танитынымды айттым. Сөйтсем, ол Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі екен. Таң қалдым. Ол Астанада қамауда отыр емес пе, ал қылмыс Алматыда болған, бұл қалай десем, қолхатпен босатып жібергендерін айтты.

- Яғни, бүгін Астанада оның үстінен сот болуы тиіс еді ғой? - деп сұрады Шәмшиевтен "Время" газетінің тілшісі.

- Иә, егер оны қолхатпен босатпағанда ол қашып кетпес еді және Денис Теннен айрылып қалмас едік...

- Сізден ақпаратты жарияламауға қолхат жаздырып алған жоқ па?

- Жоқ, бірақ бұл туралы ешкімге айтпауымды өтінгендей болды, достарыма да, туыстарыма да. Мен бірақ мұндай жайтты айтпай қалуға болмайды деп шештім. Барлық жерде Арман Құдайбергенов туралы жазып жатыр, бірақ оның осы соңғы ісі туралы ешкім жақ ашпады. Сосын айта кетерлігі, Құдайбергенов менің көлігімнің айнасын да пышақпен шешіп алған. Егер мен сол жерде болғанымда ол мені де өлтірер еді. Міне, біздің полицейлер осындай аса қауіпті қылмыскерді босата салған. Құдайбергенов полицейлермен байланыста болған сияқты көрінді, өйткені ол өзін тым еркін ұстады, - дейді астаналық тұрғын Сапар Шәмшиев.

Еске салайық, 19 шілде күні Алматыда даңқты спортшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді көлік айнасын ұрлаушылар пышақтап өлтірген болатын. Полицейлер бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстады. Олардың бірі Арман Құдайбергенов болса, екіншісі Нұралы Қиясов. Екеуі де 1994 жылы туған жас азаматтар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары