$ 444.22  476.38  4.82

Жезқазғанда ескі үйлер жаңартылуда

Бүгінде Жезқазған қаласында 29 көп қабатты үйдің тозығы жеткен. Арнайы сараптама олардың 18-і тұруға жарамсыз десе, ендігі 11-ін қайта жөндеуден өткізуге болады деген шешім шығарған. Тұрғын үйдің жағдайына тұрғындар тікелей жауапты екенін білсе дағы, ескермей жатады. Үйдің іргесі әбден сөгіліп, құлауға айналғанда ғана баспанасыз қалу қауіпін сезіп, қандай да бір шара қолданудың жолын іздей бастайды. Осы ретте тұрғындар үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы көмекке келмек.

Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 2013-2014 жылдар аралығында Жезқазғанда 13 көп қабатты тұрғын үйдің жағдайы оңалған болатын. Олардың кем-кетіктерін түзетуге 178,9 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Биыл өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асыру шеңберінде Жезқазған қалалық тұрғын үй инспекциясы «Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС бірлесе жөндеуді қажет ететін үйлердің тұрғындарымен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде Омаров көшесіндегі 16, 18, Пугачев көшесіндегі 12 және Абай көшесіндегі 81 «А» үйлердегі пәтер иелері мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниет танытқан. Жуырда ғана жөндеуден өткен Омаров көшесінде 18 үйдің қазіргі жағдайын көруге қала әкімі Қайрат Бегімов арнайы барды.

1954 жылы бой көтерген тұрғын үй қазір танымастай өзгерген. Үйдің қасбеті заманауи әрлеу материалы сайдингпен қапталған. Сондай-ақ, оның жылуды сақтау қабілеті барын ескерген жөн. Тұрғын үйдің іргетасы бекітіліп, шатыры ауыстырылды. Кіреберістері жөнделіп, есік, терезелері жаңартылды.Үйдің күрделі жөндеуіне 25 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оны сегіз пәтердің иесі 15 жыл ішінде ай сайын 17 мың теңгеден өтейтін болады.

– Үйдің бұған дейінгі жағдайын еске алудың өзі қорқынышты. Үй көз алдымызда қаусап жатты. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту –2020» бағдарламасына ілігіп кеткенімізге өте қуаныштымыз. Көріп тұрғандарыңыздай үйіміз жаңарып шыға келді. Енді оның алпыс жылдан астам тарихы бар деп те айтпайсыз. Жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүріп, жұмыстың сапасын да жіті бақыладық. Айтылған сын-ескертпелерді екі етпей орындаған жұмысшылар кәріз жүйесін де ешбір ақысыз өз есебінен ретке келтіріп берді,- деп қуанышымен бөліскен Анжела Миржаева қала басшысына үйдің ауласын абаттандыру мәселесін қарастыруды сұрады.

– Тұрғын үй қорын жаңғыртуда сіздердің мол үлестеріңіз бар. Сондықтан, абаттандыру мәселесіне алаңдамаңыздар. Біз өз тарапымыздан үйдің ауласына асфальт төсеп, сіздерге сыйлық ретінде балалар ойын алаңқайын орнатамыз. Бұл – келесі жылдың еншісінде,- деген Қайрат Баяндыұлы Пугачев көшесіндегі 11 үйге бет алды.

Бұл мекенжайда да мердігер компания «AzStroyGroup» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қыркүйектің соңында іске кіріскен олар жоспарланған жөндеуді аяқтауға шақ қалған. Іргетасын бекітіп, шатырын ауыстырып, кіреберісін жөндеп, үйдің қасбетін сылап-сырлау сынды жұмыс түрлерін тұрғындардың өздері таңдаған. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушы тұрғындар үйі қажет ететін жөндеу жұмыстарын өз еріктерімен таңдап, оған жұмсалатын қаржыны алдын ала есептей алады. Жобалық сметалық құжаттарды әзірлеу мен жаңғыртуға жұмсалған 10 млн теңге көлеміндегі қаржыны Пугачев көшесі 12 үйде орналасқан 8 пәтердің иесі 15 жылдың ішінде қайтаратын болады. Бағдарламаның тиімді тұстарының бірі – жөндеуге жұмсалған қаржыға үстемеақы қосылмайды. Яғни, тұрғындар процентсіз несие алғанмен тең. Сонымен қатар, ай сайынғы төлемнің көлемін мемлекет тарапынан төленетін тұрғын үй көмегі арқылы төмендетуге мүмкіндік бар. Ол үшін үйді жаңғыртуға қатысқан тұрғындар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласып, қажетті құжаттарын ұсынуы тиіс.

Қала әкімі Қайрат Бегімовпен кездесе бермейтін тұрғындар көкейде жүрген сұрақтары мен өтініштерін айтудан да тартынып қалмады. Пугачев көшесінің тұрғындарын мазалаған қураған талдарды кесу, аудаішілік жолдарға тас төсеу, үй маңында орналасқан иесі жоқ көлікжайларды сырып тастау сынды мәселелерді естіген қала басшысы жауапты мамандарға тапсырма берді. Сонымен қатар, тұрғын үй қорын жаңдандыру бағдарламасы аясында қызмет көрсетіп жатқан «AzStroyGroup» ЖШС директоры Азамат Айтбекке жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуын қадап тапсырды.

2019 жылы тағы төрт үйге тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасының шарапаты тимек. Апатты деп танылған Сейфуллин көшесіндегі 4 және Омаров көшесіндегі 16 үй, сондай-ақ, Аманжолов, Абай көшелеріндегі екі ескі үй жөндеуден өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары