$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда Жастар слеті өтіп жатыр

Еріктілерден құралған студенттердің республикалық слетіне 17 аймақтан жүзден аса делегация келген. Олар алдағы төрт күн қатарынан түрлі семинарларға қатысып, тренингтер барысында тәжірибе жинақтайды.

Шараның салтанатты ашылуы барысында ерікті түрде түрлі жұмыстарға белсене араласқан жастар марапатталды. Жалпы, еліміздегі еріктілердің арқасында ауқымды шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында, студенттер арасында өткен Универсиада мен ЕХРО сынды ірі-ірі шараларға жастар белсене араласты.

«2016 жылдың желтоқсан айында волонтерлар туралы заңға қол қойылған болатын. Сол заңды түсіндіру, сол бағытта қандай құқықтары бар соны насихаттау бағытында жұмыстар атқарылады. Сонымен қатар, бүгінгі күні халықаралық донор, халықаралық ұйымдар және халықаралық тәжірибе бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазір үлкен онлайн платформа жасап жатырмыз. Оған ерікті түрде тіркелу арқылы өзің туралы толыққанды ақпаратты қалдыруға мүмкіндік болады», – дейді ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан НАРЫМБЕТОВ.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының биылғы жолдауы да талқыланып, алдағы «Жастар жылының» маңыздылығы түсіндірілді. Жалпы, «Еріктілер» деген ұғым ресми түрде елімізде 1993 жылдан бастап қолдана бастағанмен, кез келген іске көмек көрсету, асарлату, ел болып іс бітіру сынды ұғымдар қазақ халқының ғұрпында бұрыннан бар. Статистика бойынша елімізде 22 мыңнан астам ерікті бар екен. Бірақ бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда аз. Мәселен, Ирландия халқының 33%-ы волонтер болса, Германияның әрбір үшінші азаматы, жапон халқының 4/1 бөлігі волонтерлық жұмысқа белсене араласады екен.

«Келесі жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Жастардың пәтер мәселесіне қатысты Елбасы жарлық шығарып, қамқорлық көрсетіп жатыр. Жалпы, жастарға көптеген жағдайлар жасалуда. Жастар өнсін, өссін, біздің мемлекетіміз алға қарай жүре берсін деп тілейміз. Сондықтан ауылдағы балалар да осында білім алып, ауылды да көркейтсін», – деді Қоғамдық кеңестің мүшесі Майра САҒЫМБЕКОВА.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары