$ 445.66  474.58  4.78

ШҚО-да салтанатты түрде ашылған 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұрған жоқ

Кезінде ашылу салтанаты дүркіреп өтіп, бүгінде қаңырап бос тұрған кәсіпорындар Шығыс Қазақстан облысында жүзден асады. Бұл туралы бүгін ШҚО бойынша аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры журналистермен өткізген жиын барысында айтылды.

Зауыттардың жабылып қалуының себептері көп. Бірақ, баршасына ортағы – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның болмауы. Дегенмен, палата директоры жағымды жаңалықтардың да бар екенін айтып отыр. Мәселен, 2016 жылы бизнесті қорғау бағыты бойынша мамандар жалпы құны 3,5 млрд теңге болатын 400 өтініш оң шешілгенін айтып отыр.

"Біз жұмыспен қамту бойынша ашылған бірнеше жобаның сол күйі жұмыс істемей қалғанын анықтап отырмыз. Мәселен, электр жарығын немесе ауыз су жеткіземіз деп құрылған кәсіпорындар уәделерін сол күйі орындамаған. Бірақ, соған қарамастан кәсіпкер алған несиесінің пайызын төлеуі тиіс қой. Мұндай құрдымға ұшыраған жобалар облыстың барлық аумағында бар. Олардың жалпы саны 105-ті құрайды", - дейді Кәсіпкерлер палатасының ШҚО бойынша филиалының директоры Игорь Шацкий.

Жұмысы тоқтап тұрған жобалардың қатарында "Сарыбел" демалыс кешені мен сүт өнімдерін шығаратын цех бар. "Сарыбелде" инфрақұрылым атымен жоқ дейді Шацкий, яғни не жарық, не су, не кәріз құдығы қосылмаған. Жергілікті билік өкілдері алғашында қосамыз деп уәде бергенімен, қазір белгісіз себептермен бас тартып отырған көрінеді. Сүт өнімдерін шығаратын цех та осындай проблемамен бетпе-бет келіп отыр.

Облыс аумағында бірнеше индустриалды-инновациялық аймақ бар. Бәріне инфрақұрылым толықтай тартылған. Ірі кәсіпорындар салу туралы алғашқы меморандумдарға да қол қойылыпты. Алайда, жүк орнынан қозғалар емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары