$ 443.85  474.3  4.8

«Менің Жетісуым» өңірлік шаралары басталады

Бүгін Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар баяндама жасады.

Ж.Омардың айтуынша, қазіргі кезде облыста қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия құрылған. Бұл комиссия қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшуі, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның сакралды географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары бойынша алты бағытта жұмыс істейтін болады. Оған қоса «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Басқару кеңесі, Сарапшылар кеңесі және хатшылық құрылып, жұмыс істеуде. 

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, «Туған жер» бағдарламасының аясында өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленген. Оның ішінде «Менің Жетісуым» жерлес кәсіпкерлердің аймақты қолдау облыстық форумы, «Жетісудың жеті кереметі» таңдаулы тарихи-мәдени, өлкетану экспедициясы, түркітілдес мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен «Ұлттық код және латын әліпбиі» тақырыбында халықаралық ғылыми практикалық конференциясы, «Жетісудың жастарға тартуы», білім беру ұйымдарына факультатив есебінен  «Туған өлке тарихы және Өлкетану» пәнін енгізу бойынша жұмыстарды жандандыру, «Жетісудың әдебиет айдыны» атты облыстың ақын-жазушылармен кездесуі және басқа да шаралар қарастырылған. Сондай-ақ жақын арада арнайы интернет-портал, өңірлік жобалардың интерактивті картасы, қолдауға мұқтаждардың картасы, еріктілер корпусы құрылатын болады.

Жиын барысында жұмыс тобының мүшелеріне, атап айтқанда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевқа, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының директоры Ғалия Темербаеваға, «Жетісу телеарнасы» ЖШС директоры Бейсен Құранбекке беріліп, олар өздері жұмыс істейтін бағыттардың жоспары туралы айтты.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Амандық Баталов:

- Болашақ бүгіннен басталады дегендей, Мемлекет басшысы біздің алдымызға келешекке бағытталған үлкен міндеттер жүктеп отыр. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы соның айқын көрінісі. Бүгінгі күні бағдарламалық мақаланың негізгі шарттарына сүйене отырып, нәтижеге мақсатты да сапалы жұмыс істеуіміз қажет. Осыған орай өңірлік комиссияның және жұмыс топтарының мүшелеріне, аудан, қала әкімдері мен басқарма, департамент басшыларына жоспарланған іс-шараларды сапалы әрі уақытында орындауды тапсырамын, - деді А. Баталов.

Сөзінің соңында облыс басшысы атқарылған жұмыстардың барысын Өңірлік комиссияның отырысында тұрақты қадағалап отыратынын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары