Нұрлы жол 12.05.2017 сағат 11:45  551

Алматы облысында кәсіпкерлерді қолдау шаралары атқарылуда

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың жұмыс сапары Қарасай ауданында жалғасты. Мұнда ресми делегация бірнеше өнеркәсіп орындарында болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қарасай ауданындағы «Alsad Қазақстан» ЖШС құс фабрикасы – «Қазақстанда жасалған» белгісімен және Alsad сауда маркасымен тауық жұмыртқасын нарыққа шығарып отырған еліміздің іргелі кәсіпорны. 2016 жылы 156 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Фабрика өнімі Біріккен Араб әмірліктеріне, Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріне жөнелтіледі. Бүгінгі күні мұнда 200-ден астам адам жұмыс істеп жүр. Халықаралық стандарттарға сәйкес өнім шығарып отырған нысан бүгінге дейін алғашқы қуаттылығын екі есеге арттырған.

Осындай қарқынды облыс басшысы Елтай ауылында орналасқан «Алматы Продукт» ЖШС кондитерлік фабрикасынан да көрді. Мұнда 3,5 млрд. теңгеге фабриканы кеңейту және жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Қазіргі кезде тағы бір цех ашуға дайындық үстінде. Бүгінгі күні мұнда печенье, карамель, құрғақ таңғы ас, вафли сияқты тәттілердің 250-ден астам түрі шығарылады. Кәсіпорын жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаратын қуаттылыққа ие. «Бұл кәсіпорынның негізі 2008 жылы қаланды. Компаниямыз жыл сайын «Бизнестің жол картасы - 2020» және «Өнімділік - 2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберіндегі қолдау шараларының игілігін көріп келеді», - деп атап өтті кәсіпорынның бас директоры Азиз Әлімқұлов.

Ал шыны бұйымдар мен ыдыстар шығаратын «Алматы Шыны» ЖШС-да облыс әкімі А. Баталов алдымен зауыт жұмысшыларымен жүздесіп, әңгімелесті. Бұл зауыт - жеке инвестиция негізінде жүзеге асырылған жоба. Жобалық құны – 11 млрд. теңге. Мұнда шыны, эксклюзивті және безендірілген бөтелкелер мен банкалар шығарылады.

Бас директоры Азим Абдуллаевтың айтуынша, зауыт - бәсекеге қабілетті және болашағы зор кәсіпорын. Жобалық қуаттылығы бойынша жылына зауыт 120 млн. дана шыны ыдыс шығара алады.

- Зауытта өнім сапасын басқару жүйесі енгізілген. Сондықтан кәсіпорын өз өнімдерінің сапасы әлемдік сапа деңгейіне сәйкестігіне кепілдік бере алады. Сол сияқты қажеттілігіне қарай түрлі геометриялық формалар мен конфигурациялардағы эксклюзивті бөтелкелер шығаруға да мүмкіндігіміз бар, - деді А. Абдуллаев.

Сапарының қорытындысында облысы әкімі А. Баталов:

- Жамбыл және Қарасай аудандарын аралап, бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысып, қандай қолдаулар қажеттігін бағамдадым. Аудан, қала әкімдеріне шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, іргелі кәсіпорындарды, отандық өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы тапсырма берген болатынмын. Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған міндеті де осы. Осы тапсырмалардың өңірлерде қалай орындалып жатқанын барлық аудан, қалаларды аралап, зерделейтін боламын. Осы сапарлардың қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдерінің, іргелі кәсіпорындар басшыларының қатысуымен келелі кеңес өткіземіз. Әр әкім қанша инвестор тартты, қандай кәсіпорындардың ашылуына мұрындық болды, қанша жаңа жұмыс орындарын құрды, салық түсімінің көрсеткіші қандай – міне, осы талаптар бойынша олардың жұмысын бағалайтын боламыз, - деді.  

Сондай-ақ бір күндік сапары барысында куә болған Жамбыл және Қарасай аудандарындағы бұл бағытта атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын айтты.

- Алғашында шағын көлемде ашылған кәсіпорындар қазір іргесін кеңейтіп, өнім көлемі мен түрлерін арттырып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқандарын байқадым. Кластер құрудың ядросына айнала бастағанын көрдім. Олардың қатарында ТМД-да теңдесі жоқ зауыттар да бар. Сонымен қатар кездесу барысында кәсіпкерлер атқарушы биліктің тарапынан қолдау көрсетуді қажет ететін мәселелерді де көтерді. Мәселен, Жамбыл ауданында мың гектарға жуық жерге жаңғақ ағашын өсіретін «Гринфрам» шаруа қожалығы газ тартып беруді сұраса, Қарасай ауданының көптеген кәсіпорындарының басты проблемалары – кәріз суағарлары мен электр қуатының жетіспеушілігі болып отыр. Біз осы тектес айтылған мәселелердің барлығының шешімін қарастырып, кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсетуіміз қажет, - деді облыс әкімі А. Баталов.

Осы күні Үшқоңыр ауылындағы қоғамдық-мәдени орталықта болып, бұл ғимаратты алдағы уақытта әкімшілік ғимарат ретінде реконструкциялауды тапсырды. Ал мұндағы үйірмелер мен кино залы ауылдағы мәдениет үйінде жұмысын жалғастыратын болады.  

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар