$ 443.85  474.3  4.8

«Zhastar Innovation» инновациялық жобаларды қолдауға дайын

Алматы жастар саясаты басқармасы жастардың инновациялық белсенділігін арттыру мақсатында 2016 жылы «Zhastar Innovation» жобасын қолға алған болатын. Инновациялық әлеуетті арттыру мен тың идеяларды жүзеге асыруға көмектесетін бұл бастама биыл да жалғасын тапты. Жыл өткен сайын жобаға қызығушылықтың артуына қарай отырып, жастардың инновациялық бағыттағы белсенділігін байқауға болады.

«Zhastar Innovation» Алматы қаласы тұрғындары мен жастарының инновациялық идеяларына қолдау көрсету және мүмкіндіктерін арттыруды мақсат етеді. Негізгі қойылатын талап – жаңа идея алматылықтар өміріне серпін беріп, жаңа көзқарас қалыптастыруы шарт. Сондай-ақ, адамдарды біріктіру мен бір ұжымда жұмыс істеуге үндеуі тиіс. Осы мақсатта коворкинг орталықтар мен бизнес инкубаторлар ашылып, ол жерлерде тегін шеберлік сағаттары, семинар-тренингтер өткізіліп тұрады. Семинарлар мен тренингтер тақырыбы ауқымды. Мұнда жастарға жаңа технологияларды игеру, интернет арқылы кәсіпкерлікті дамыту, сауаттылық сынды тақырыптарда дәріс өткізілді.

Алматы жастар саясаты басқармасының берген мәліметі бойынша, «Zhastar Innovation» жобасы 2016-2017 жыл аралығында 14 семинар-тренинг, жастардың жетіске жеткен, айтары бар стартаперлермен 5 кездесуі, стартап жобаларға арналған 3 көрме, 3 оқыту модулі және байқау ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, методикалық-әдістемелік материалдар шығарылып, сайт пен бейнероликтер жасалды. Жоба шеңберінде жасалған іс-шаралар әлеуметтік желілерде жарнамаланды.

Ең үздік инновациялық жоба ұсынған жастар да ұмыт қалмайды. Оларға арнайы сыйлық бар. Қала тұрғындарының өмірін жақсартуға көмектесетін идея иелеріне 20 млн. теңге көлемінде грант беріледі. Әсіресе, инновациялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлер Үкімет тарапынан жеңілдіктер мен қолдауға ие. Айта кету керек, тың идеясы бар жастардың басым бөлігі жобаны жасауға қандай жеңілдіктер мен мүмкіндіктер берілетінін біле бермейді. Сондықтан «Zhastar Innovation» ақпараттандыру ісіне де көңіл аударады. Бұдан бөлек, жас ғалымдар мен мамандардың басын қосатын пікір алаңдары да баршылық. Мұнда инновациялық жаңалықтар мен болашақ жоспарлар талқыға салынады.

Алдағы жылы «Zhastar Innovation» жобасы жаңа бағытта іске асырылуы мүмкін. Оған инновациялық жаңалықтар себеп. Өткізілетін тренингтер мен семинарлар тақырыбы кеңейтіліп, саны арта түспек. Жастардың ғылыми жаңалығын жүзеге асыру мүмкіндігі де жоғарылайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары