$ 443.35  475.54  4.82

Алматыда базарлар модернизациясы 2022 жылы аяқталады

Сауда орталықтарына модернизация жүргізу – заман талабы. Заманауи ғимаратта орналасқан сауда нүктелері сатушыға да, сатып алушыға да жайлы болмақ. Бұл істі Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы қызметкерлері де қолға алғанына бірнеше жыл болды. Жалпы Алматы қаласында 46 сауда орталығы бар. Модернизациялау жұмысы толығымен 2022 жылы аяқталуы тиіс.

Басқарма берген мәліметке сәйкес, 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін қаладағы 12 сауда орнының құрылысы толығымен аяқталған. Ал, 6 базар маңында қызу жұмыс жүріп жатыр, ғимараттар жыл соңына дейін бітуі тиіс. Қазір сауда орындары территориясы кішірейіп, жақын орналасқан көшелердегі кептеліс азая бастаған.

Модернизация жүргізілген ең ірі базарлардың бірі – «Көк базар». Жаңадан салынған сауда орталығының жалпы жер аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Оның 10 мыңы саудагерлерге арналса, қалған 10 мыңы – 400 автокөлікке шақталған екі қабатты паркинг. Жобаны жүзеге асыруға 2,5 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде 500 адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ, жуырда ғана осы бағдарлама аясында Алматыда Mizam атты тағы бір базардың пайда болғанын айта кету керек. Сауда орталығы барлық халықаралық стандарттарға сай және Франциядағы атақты "Ранжис" базарына ұқсас етіп салынған. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асыпты. Базардың басты ерекшелігі, мұндағы саудагерлер тауар өндірушілерімен тікелей жұмыс істейді. Нәтижесінде бағаны арзандатуға қол жеткізген. Жоба құрылысына 3,1 млрд теңге жұмсалып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Сауда-саттық орындары модернизациясы алдын ала жоспар бойынша іске асырылады. Әрбір сауда орталығын модернизациялаудың жеке-жеке жол картасы жасалынады. Негізгі жоспар бойынша қалған 39 базар 2022 жылға дейін жабық ғимаратқа көшеді.

Бүгінгі таңда осы қала базарларында 20 мың кәсіпкер кәсібін алға жылжытса, 25 мың жұмысшы халық күнделікті қаржысын тауып жүр.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мамандары «жабайы сауда мен заңсыз салынған сауда орындарын қадағалап, олардың жолын кесіп отырамыз» дейді.

Негізінен базар модернизациясының бірнеше артықшылығы бар. Ең алдымен, қала көркін бұзып тұрған жабайы сауда орындары жойылады. Оған қоса, жаңадан жұмыс орындары көбейеді. Жабық сауда орындары сатушыға да, сатып алушыға да ыңғайлы. Олар ауа райына тәуелділіктен құтылады. Санитарлық-эпидемиологиялық жағынан да, өрт сөндіру қызметі бойынша да қауіпсіз бола түспек.

Г.Сембиева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары