$ 448.89  477.93  4.76

Алматыда мемлекеттік рәміздерге қатысты енгізілген өзгерістер талқыланды

Бүгін Алматыда қалалық әкімдіктің ішкі саясат басқармасы, «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы мен Қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – рухани жаңғырудың қайнар көзі» тақырыбында конференция өтті. Шараға қоғам қайраткерлерінен бастап, тарихшылар, ғалымдар мен сарапшы мамандар, студенттер қатысты.

«Бүгінгі басқосуға елімізге белгілі тұлғалар мен өз саласының білікті мамандары қатысып отыр. Белсенді жастар да осында. Конференция барысында мемлекеттік рәміздеріміздің қадір-қасиеті мен маңызы айтылды. Жастардың міндеті – рәміздерімізді қадірлеп, көк туымызды биікке желбірету. Сыртқы саяхат пен халықаралық аренадағы басты нышандарымыз жайлы кез келген адам бес саусағындай білуі тиіс. Оған қоса, рәміздерге қатысты енгізілген өзгерістерге байланысты заңгерлеріміз баяндама оқыды», - дейді конференцияны ұйымдастырушы, Қыздар педагогикалық университеті жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы Нұргүл Қайдауылова.

Ал Алматы қаласы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди Абылайұлы «Рәміздер күні респулика деңгейінде аталып өтеді. Өзге қалаларда да түрлі шаралар ұйымдастырылады. Біз де олардан қалыс қалмай жастар арасында маңызы бар тақырыпқа жиын өткізуді жөн санадық. Қоғамымыздың қозғаушы күші – жастар. Ал жастар бойында мемлекетшілдікті қалыптастыру – негізгі міндеттеріміздің бірі. Мемлекетшілдік рәміздерді құрметтеуден басталады. Ол егемендігіміздің, тәуелсіздік пен азаттығымыздың белгісі. Сондықтан, рәміздерге қатысты енгізілген өзгерістер туралы насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз. Кез келген уақытта кез келген жерде мемлекеттік нышандарымызды қорлауға жол бермеуіміз керек. Студенттер бүгін рәміздерге қатысты барлық сұрақтарына жауап тапты деген ойдамын» деп, жиынның маңызы жайлы ойын білдірді.

Конференция кезінде рәміздерге қатысты өзгерістерден бөлек, тарихи құнды деректер мен тың ақпарат айтылды. Рәміздердің ұлттық және көркемдік ерекшеліктері жайлы баяндамалар оқылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары