$ 448.89  477.93  4.76

Қапшағай қаласы іргесіндегі Заречный ауылында балабақша ашылды

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен енгізілген мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бағдарламасы аясында балабақша мәселесі республика көлемінде оң шешім тауып келеді. Оның ішінде Алматы облысында да жеке балабақшалар саны артуда. Бүгінде өңірде олардың саны 100-ге жеткен.

Қапшағай қаласы да тізімді толықтырып отыр. Тіпті, балабақша санын арттыру жөнінен аталған қала алда келеді. Оған дәлел қала іргесінде Заречный ауылында ашылған бөбекжай. Балабақшаға  «Еркетай» деген атау беріліпті. Балабақшаның ашылуына Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

«Жергілікті кәсіпкерлер елбасының тапсырмасын орындауда белсенділік танытып жүр. Оның дәлелі көз алдарыңызда. Бүлдіршіндерге арналған заманауи жабдықталған балабақша ашылды. «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының бір тармағы «Туған жер» бағдарламасының да негізгі мүддесі осында екенін айтқым келеді.  Тұрғындардың туған ауылына игі шара жасап жастқандығы бір төбе болса, осылайша өз кәсібін дөңгелете алуы тағы бір қуаныш» - деді Қапшағай әкімі.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі шағын ауылға оңтайлы шешім болды. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі әскери қызметкерлер мен кәсіпорын жұмысшыларынан құралғандықтан, ауылға мектеп жасына дейінгі оқыту мен тәрбиелеу орындары тапшылық етіп келген. Ілгекбаевтар отбасы ұзақ ойланбай, бағдарлама аясында балабақша ашуға бел буыпты.  Балабақша 2 топтан құралған. Бір мезгілде 40 бүлдіршінді қабылдай алады. Кәсіпкерлердің айтуынша, алдағы 15 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ету де  жоспарда бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары