$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңіне қатысатын отбасылар анықталды

Елімізде дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының финалдық кезеңінің басталуына да ұзақ уақыт қалған жоқ. Бүгінде облыстардың аудан-қалаларында осынау конкурстың іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Аталған шаралар тізбегі Алматы қаласының аудандарында да ұйымдастырылды.

Жалпыұлттық байқаудың қалалық кезеңіне әр ауданнан бірнеше отбасыдан жолдама алып отыр. Мәселен, Жетісу ауданының намысын айтулы шарада үш бірдей әулет қорғайды. Олар: Керімбаевтар мен Пошахаевтар және Толымбековтер жанұясы.

Керімбаевтар – педагогтар отбасы. Отау құрғандарына 17 жыл толған. 5 баласы бар. Пошахаевтар отбасы 3 қыз тәрбиелеп отыр. Ал Толымбековтер жанұясы Алматы автомеханика колледжінде еңбек етеді. Жалпы, аудан бойынша байқауға қатысуға 10 отбасы ниет білдіріп, құжаттарын тапсырған.

Осымен төртінші жыл қатарынан өтетін ұлттық байқауға қатысуға ынталы жандар көп. Алайда, үздіктердің үздігі ғана мәреге жете алады. Олар белгіленген құжаттарды тапсырады. Барлық марапаттаулары мен сертификаттарын тапсырады. Бейнеролик түсіріп, отбасын таныстырады.

Дәл осылай дайындалған Бостандық ауданының үлгілі отбасылары да байқаудың қалалық кезеңі үшін берілетін жолдаманы сарапқа салып көрді. Әділ қазылар алқасы 10 әулеттің ішінен тек үшеуін ғана байқауды одан әрі жалғастырады деп шешіп отыр. Олар: көпбалалы Мешановтар, Тәжиевтер және Ісжановтар әулеті.

Аудан көлемінде өткен бұл сайыста қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпағанын айтып отыр. Себебі он отбасының да жетістіктері мен мәдениет, спорт, өзге салаларда да жеткен жеңістері көп.

Мешановтардың алты баласы бар. Отанасы дизайнерлік қабілетімен көпті таңғалдырып жүр. Ал, Тәжібаевтарды дәрігерлер жанұясы деп атауға болады. Олар өмірін ақ халатсыз елестете алмайды. Ісжановтар отбасында педагогтар жиналған. Мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет етіп жүр.

Алматының Әуезов ауданында да «Мерейлі отбасы» атануға лайықты жанұялар бар. Солардың алтауы қалалық кезеңге берілетін жолдама үшін бақтарын сынап көрді. Нәтижесінде, Әуезов аудандық «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсын өткізу жөніндегі комиссия Жұматаевтар, Бейсембаевтар және Баратовтар отбасын ең үздік деп танып, келесі кезеңге жолдама берді.

Байқау барысында қатысушы әулеттер отбасылық жеңістері мен спорттағы, мәдениет пен өзге де салалардағы жетістіктері, өзіндік ұстанымдары жайлы айтып, негізгі құндылықтарымен бөлісті.

Осынау қалалық кезеңге жолдама алған отбасыларға байқауда бәсекелес болатын тағы үш отбасы Алмалы ауданында да анықталды. Жалпы, аудан бойынша «Мерейлі отбасы – 2017» Ұлттық конкурсына іріктеуге жалпы 11 отбасы қатысты. Солардың арасынан қазылар алқасы ең үздік деп Ауылбаевтар, Қыраубаевтар және Әбдіғалиевтар отбасы таңдап алды. Енді олар Алматы қалалық байқауда өз бақтарын сынап көретін болады.

Әр отбасының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Ауылбаевтар мультфильмдер жасау жеке шеберханасын ашқан. Отағасы 2017 жылғы 28-дүниежүзілік қысқы Универсиада кезінде алау ұстап жүру мәртебесіне ие болыпты. Ал, Қыраубаевтар отбасының отағасы Айбек Кәкімжанұлы Қытай конституциясының мұнай туралы бөлімін жазуға үлесін қосқан екен.

Байқаудың басты міндеті отбасылық татулық пен жарасымды насихаттау десек, әрбір отбасы ерекшеліктерін көрсетіп, бала мен ата-ана арасындағы көзге көрінбейтін шынайы байланысты көрсете білуі керек.

Айта кетейік, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, тәлім-тәрбиесі зор «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл ұлттық байқауды өткізу бастамасын 2013 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді.

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары