$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда мемлекеттік қызметкерлер күніне орай дебат-шоу ұйымдастырылды

Алматы қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлер күніне арналған «Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал еңбек» атты жастар арасында дебат-шоу ұйымдастырылды. Линкольн-Дуглас форматында өткен дебатқа барлығы 25 студент қатысып, бағын сынап көрді. Олар қатардағы қарапайым студенттер емес, ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, білімді де жан-жақты дебатерлар.

Бұл жолғы дебат форматы бұрынғыдан өзгеше болды. Олимпиадалық, яғни, жеңілген қатысушы ойыннан шығып отырады. Сондықтан, пікірсайысшылар келесі кезеңге өту үшін барын салып дайындалып, білімі мен біліктілігін шыңдады. Пікірсайысқа Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қолдау білдірсе, Алматы студенттер альянсы және Алматы жастар конгресі оның жоғары деңгейде өтуіне барынша атсалысты.

Мемлекеттік қызметкерге қойылатын басты талап – ел тарихы мен саяси-экономикалық жағдайынан хабардар болып, кез келген жаңалықты сараптай алу. Рухани және мәдени қүндылықтарды қалыптастыруға атсалысып, халықты сөзіне сендіре білуі шарт. Еркін, көркем, дәлелді сөйлейтін кез келген адам жұртты тамсандырып қана қоймай, қоғамдық өмірде өзіндік орнын қалыптасыра алады. Міне, сол себепті де, жастардың, оның ішінде студенттердің ораторлық шеберлігін шыңдау мақсатында дәл осындай ерекше форматтағы пікір-сайыс өткізу идеясы пайда болған екен. Негізінен дебат сайысы алдына бірнеше мақсат-міндет қойды. Соның бірі – мемлекеттік қызметтің имиджін жақсарту.

Дебат барысында мемлекеттік қызмет этикасы, өзге талаптары мен ережелері, мемлекеттік қызметкерлер имиджіндегі кемшіліктер, мемлекеттік қызметкерлерге берілетін жеңілдіктер мен өзге тақырыптар қамтылды. Отаншылдықты насихаттап, патриотизмді жалпыхалықтық үрдіске айналдыру жайы мен мемлекеттік қызметтің уәкілеттіктері, құзыреттері кеңінен талқыланды.

Сөз сайысының қорытындысы бойынша Тұран университетінің студенті Дастан Аққожа 3-орын, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және шет тілдері университетінің студенті Салауат Бекбауов 2-орын, ал Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенті Мұқағали Қуанышев 1-орын алды.

Сандыбаева Сандуғаш Қалжанқызы, Алматы жастары конгресі ұйымының жетекшісі:

- Негізінен дебаттардың басым бөлігі америкалық-парламенттік форматта өтеді. Ал, бұл жолы спикерлер жеке-жеке ұстанған бағыты бойынша ой-пікірін дәлелдеуге тырысты. Линкольн ұстанымын жақтаушы қатысушылар үкіметтік тақырыптарды жақтап, соның дұрыстығын дәлелдеуге тырысса, Дуглас принципін қолдаушылар оларға оппозиция болып, қателерін, кемшіліктерін көрсетуге тырысты, қарсы аргумент ұсынды. Дебат туралы хабарландыруды әлеуметтік желілер арқылы жарияладық. Пікірсайысшыларды бірнеше төреші бағалады. Арасында екі тәуелсіз сарапшы отырды. Жеңімпаздарды ақшалай сыйлықтармен марапаттадық. Бұл – мемлекеттік қызметкерлер күніне орай өткізген қалалық алғашқы сайыс. Алдағы уақытта дәстүрлі түрде республикалық көлемде өткізсек деген жоспарымыз бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары