$ 446.49  475.38  4.79

Мәди Ахметов: «Мемлекеттік рәміздерді патриотизмнен бөліп қарастыруға болмайды»

Биыл еліміз мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығын атап өтті. Яғни, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін 1992 жылы Қазақстан әлемге өзінің туы мен Елтаңбасын және әнұранын таныстырған болатын. Айтулы датаға орай республиканың барлық өңірінде жастардың ұйытқы болуымен түрлі мерекелік шаралар, атап айтқанда, флэш-мобтар, конференциялар мен семинарлар, кездесулер ұйымдастырылды. Алматыда өткен осындай шараларға ұйытқы болған азаматтардың бірі – «Жас Отан» жастар қанаты филиалының басшысы Мәди Ахметов. Ол қаладағы белсенді жастардың басын қосып, талай патриоттық істердің бастауында жүр. Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуді патриотизмнен бөліп қарауға болмайды дейді ол.

- Мәди, биыл мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне 25 жыл толды. Бұған дейін мемрәміздерге қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген еді. Ал бұл өзгерістер жайлы жастар қаншалықты хабардар?

- Биыл ҚР Мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 25 жыл толып отыр. Бұл атаулы күн. Неге десеңіз, мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің, азаттағығымыздың белгісі. Сол себептен де бұл іс-шаралардың аясында шектелмей, мемлекет тарапынан заңнамалық актілер мен құжаттарға өзгерістер енгізілген еді. Яғни, стандарттар бойынша өзгерістер мен нормалар қайта қарастырылды. Бұл жайында барлық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Сонымен қатар, біз «Жас Отан» жастар қанаты жастарының арасында да арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Барған жерімізді, осы мемлекеттік рәміздерге байланысты іс-шара жайындағы ақпаратты тараттық. Әрбір азаматтың бойында, өзінің еліне, жеріне, тіліне деген құрметпен қатар мемелекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілігі пен құрметі болуы тиіс. Мемлекеттік рәміздерді патриотизмнен бөліп қарастыруға болмайды. Бір-бірімен ұштасып жатқан егіз ұғым деп санаймын. Әр университетте «Жас Отан» жастар қанатының бөлімшелері бар. Олар 8 ауданның барлығында жұмыс атқарады.

- Биыл бұл мерекеге байланысты қандай ауқымды іс-шара ұйымдастырдыңыздар?

ҚР мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына орай республикамыз бойынша барлық қалалар мен ауылдарда іс-шаралар өз бастауын алды. Жыл басынан бері конференциялар, форумдар, жиналыстар, жастармен флешмоб, акциялар, кездесулер, жаңа стандарттардың қабылдануы туралы заңнамалық өзгерістерді талқылау, бұқараға жеткізу сияқты көптеген шара өткізілді, ауқымды жұмыс атқарылды. Әлі жыл соңына дейін жалғаса береді. Алматы қаласын алып қарайтын болсақ, әрбір мектеп, университет, оқу орны, мелекеттік органдардың барлығы 25 жылдыққа байланысты жылдық жоспарлары бойынша арнайы іс-шаралар ұйымдастырды. Яғни, мұның барлығы мемлекеттік рәмізге деген құрмет. Бұқара халыққа ақпарат тарату алдыңғы орынға қойылды. «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, бірнеше акция өткізді. Басқа жобалардан ерекшелігі – бимен, әнмен шектелмедік, мемрәмізлер тарихы, авторлары жайлы ақпарат бері отырдық. Жоғарыда айтып өткенімдей, стандарттарға өзгерістер енгізілді. Елтаңбаға, әнұранға, туға байланысты стандарттардың 22 беттен тұратын қазақша-орысша екі тілдегі кітапшасы дайындалды. Ол Алматы қаласы бойынша барлық құзырлы орындарға, мектеп басшыларына табысталды. Алматы қаласы жастары мен қоғам белсенділері 80-ге жуық адамның қаысумен қалалық конференция өткізді. Қазақ мемлекеттік қыздар университетінің қабырғасында жастардың ойы, ұрпақтар сабақтастығы ұштасып, өзінің жалғасын тауып жатты. Осы айдың соңына дейін 8 ауданда семинар, тренингтер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сынмен қатар, Ыбырай Алтынсарин атындағы 159-гимназияда Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібековпен бірге өте керемет кездесу өтті. Сондай-ақ, 4 маусым күні Ө.Жолдасбеков атындағы сарайда қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен форум, артынан гала концерт өтті. Жастар арнайы арнайы футболкаларды киіп, өзінің мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншіліктерін көрсетті.

- Жастар мемрәміздерге деген құрметін көрсетті дедіңіз. Ал жалпы жастардың тарихи сауатын қалай бағалайсыз? Он адамнан елтаңба, ту авторларын сұрасақ, оның нешеуі сұраққа мүдірмей жауап бере алады?

Мен жастармен бірге 3 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Тек Алматы қаласы ғана емес, республиканың 15-ке жуық елдімекенінде, облыстарында белсенді жастармен 2 жыл бойы экспедиция бойынша кездесу өткізгенмін. Мен тек Алматы қаласының ғана емес, барлық жердегі жастардың көзқарасын жақсы білемін. Себебі, «Қазақ елі» деп аталған арнайы экспедициясының аясында патриоттық тәрбиеге байланысты сауалнамлар жүргізілді. XXI ғасыр жастарының мемлекеттік рәміздерге деген құрметі зор. Бізде әнұранды балабақшада, мектепте қолымызды жүректің тұсына қойып орындату арқылы патриоттық сезімге  үйретеді. Ту дегеніміз кез-келген жерде көтеріле бермейді. Әнұран жайдан-жай орындала бермейді. Алайда, кемшіліктер де болып жатады. Үлкен концерт, форум өткізілген кезде жалаулар таратылады. Шара соңында олар аяқ астында қалады. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «рухани жаңғыруымыз керек» деп атап айтты. Жастар оны жақсы түсінеді. Біз жастар арасында мемрәміздер ғана емес ел тарихын тереңнен біліп, сараптай алатынлары көп болғанын қалаймыз. Мәселен, кездесуге 200 адам келсе, оның барлығы тарихи сұрақтарға жауап бере алмайды. Яғни, мемрәміздер авторларын шатастырады. Ал негізінде мемрәміздердің авторларын жастар жатқа білуі керек.

- Рәміздерді талапқа сай қолдану қаншалықты бақыланып отырады?

Мемлекеттік рәміздердің қолданылуын қадағалайтын арнайы мекемелер бар. Халықаралық жарыстарда, додаларда мемлекеттік гимніміз ауысып кеткен жағдайлар болды.  Бұл 2006 жылқы олқылық жақында тағы бір жарыста қайталанды. Мұның барлығы ұйымдастырушылардан кетіп жататын кемшілік. Ту да кейде орынсыз жерлерде қолданылады. Тіптен, қоқыс жәшіктерінің ішінде жатады. Бұл мемлекеттік рәміздердің абыройын түсіру. Мен Түркия мемлекетінде іс-сапарда, оқуда болған кезде байқағаным, олар үйде, машинада, кез келген мерекеде туларын жамылып жүреді. Кез-келген жерде туларын насихаттайды. Себебі, бұл патриоттық сезімнің көрсеткіші ретінде қабылданады. Ал бізде заңнамалық құжаттар басқаша қабылданған. Бір жағынан бұл да дұрыс деп ойлаймын. Еуропадан, АҚШ-тан келіп жатқан тенденция бар. Ұлы сөзде ұят жоқ. Іш киімдерге АҚШ мемлекетінің туларын қолданып жатады. Бұл жағдай біздің тумен де қайталанды. Бірақ, құзырлы мекемелер мұндай бассыздықтың алдын алуға барынша тырысып жатыр. Заңға бағыну керек. Заң бәріне ортақ.

- 4 маусым қарсаңында рәміздерді насихаттауға жаппай кірісеміз. Науқандық шараның сипатын жалпыхалықтық шараға айналдырудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

Бізде мемлекеттік мейрамдар көп. Оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Бір күннің ішінде іс шараның барлығын өткізу дұрыс емес. 25 жылдық мерейтойды бір жыл бойы істелінетін іс-шаралар бойынша бекіту керек. Республикамыздың барлық ауыл-аймақтары мен қалалары бір күні арнайы шеру өткізсе, қандай керемет болар еді. Сонымен бірге, арнайы видеоконференциялар, кездесулер республикалық деңгейде жиі ұйымдастырылса деймін. Түркия мемлекетінде туелсіздіктерінің 78 жылдығында 78 метрлік туды көшелерінде алып жүрді. Бір топ адам шеру жасады. Бұл әлеуметтік желіде жастар арасында талқыға түсіп, үлкен патриоттық сезім тудырып, керемет әсер қалдырған болатын. Өз басым соның куәгері болдым. Шаралар бір күн емес, жыл бойы жалғасқаны ұтымды. Ту, елтаңба, әнұран авторы кім, қай жылы қабылданды – осы сияқты сұрақтарға жауап беретін бір минуттан аспайтын ролик жасап, оны әлеуметтік желілерде таратсақ, оның пайдалы болары сөзсіз. Бұл үлкен серпіліс береді деп ойлаймын.

- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары