$ 445.66  474.58  4.78

Автонесиелеу бағдарламасы бойынша 9 мыңнан астам адам отандық автокөлік сатып алды

Автонесиелеу бағдарламасы жалғасуда. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек журналистердің сұрақтарына жауап бергенде айтты.

2015-2016 жылдары отандық автокөліктердің 30% осы бағдарлама бойынша сатылды. Автонесиелеу бағдарламасына Ұлттық қордан барлығы 26 млрд. теңге бөлінді.

Аталған қаржы толық игерілді және бағдарлама тоқтаған жоқ, жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, бағдарлама аясында 9 мыңнан астам адам отандық автокөлік сатып алды.

«Бұл бағдарлама тоқтаған жоқ. Әлі 20 жыл бойы жұмыс істейтін болады. Бүгінде Қазақстан Үкіметі аталған бағдарлама аясында қосымша шамамен 10 млрд. теңге бөлу мүмкіндігін қарастырып жатыр», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, Қазақстанда әлемге танымал брендтердің көліктерін құрастырумен айналысатын ірі екі зауыт бар, олардың бірі Өскеменде, екіншісі Қостанайда орналасқан. Ресейлік АвтоВАЗ өнімдерін айтпағанда, аталған зауыттардың конвейерінен Peugeot, Renault, KIA, Hyundai, Skoda, Chevrolet, Ssang Young сынды көпшіліктің сұранысына ие автомобильдер құрастырылады.

«ҚазАвтоПром» одағының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 2014-2015 жылдары болған девальвациядан кейін еліміздегі автомобиль нарығы ауыр дағдарысты бастан өткерген. Жеңіл көлік сатылымының көрсеткіші 50 пайызға дейін құлдырап, отандық автоөндірушілер мен ресми дилерлер айтарлықтай шығынға ұшырады. Ал, 2015 жылдан бастап жүзеге асқан жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бұл дағдарыстан шығуға біршама септігін тигізіп отыр.

Бұған дейін автоөндірушілер үкіметтен аталған бағдарламаны тоқтатпай, одан әрі жалғастыруын сұраған болатын. Олардың бұл өтінімі қабылданып, биыл да қазақстандықтарға жеңілдетілген несиемен көліктер беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары