$ 498.55  524.28  4.75

Мемлекеттік рәміздер күні жоғары деңгейде атап өтілді

Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл. Осы атаулы күн қарсаңында Алматы қаласының мектептері мен жоғары оқу орындарында мемлекеттік символдарды ұлықтап, тәрбиелік маңызын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия оқушылар елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен кездессе, студенттер Қыздар педагогикалық университетінде жиналып, ұлттық символдар жайлы соңғы өзгерістерді талқылады.

Алматы қалалық әкімдіктің ішкі саясат басқармасы, «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы мен Қыздар педагогикалық университеті бірлесе Қазақстан мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Мемлекеттік рәміздер – рухани жаңғырудың қайнар көзі» тақырыбында конференция өткізді. Шараға қоғам қайраткерлері мен тарихшылар, ғалымдар, сарапшы мамандар, студенттер қатысып, ұлттың символдар жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.

«Бүгінгі басқосуға елімізге белгілі тұлғалар мен өз саласының білікті мамандары қатысып отыр. Белсенді жастар да осында. Конференция барысында мемлекеттік рәміздеріміздің қадір-қасиеті мен маңызы айтылды. Жастардың міндеті – рәміздерімізді қадірлеп, көк туымызды биікке желбірету. Сыртқы саяхат пен халықаралық аренадағы басты нышандарымыз жайлы кез келген адам бес саусағындай білуі тиіс. Оған қоса, рәміздерге қатысты енгізілген өзгерістерге байланысты заңгерлеріміз баяндама оқыды», - дейді конференцияны ұйымдастырушы, Қыздар педагогикалық университеті жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы Нұргүл Қайдауылова.

Ал Алматы қаласы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди Абылайұлы «Рәміздер күні респулика деңгейінде аталып өтеді. Өзге қалаларда да түрлі шаралар ұйымдастырылады. Біз де олардан қалыс қалмай жастар арасында маңызы бар тақырыпқа жиын өткізуді жөн санадық. Қоғамымыздың қозғаушы күші – жастар. Ал жастар бойында мемлекетшілдікті қалыптастыру – негізгі міндеттеріміздің бірі. Мемлекетшілдік рәміздерді құрметтеуден басталады. Ол егемендігіміздің, тәуелсіздік пен азаттығымыздың белгісі. Сондықтан, рәміздерге қатысты енгізілген өзгерістер туралы насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз. Кез келген уақытта кез келген жерде мемлекеттік нышандарымызды қорлауға жол бермеуіміз керек. Студенттер бүгін рәміздерге қатысты барлық сұрақтарына жауап тапты деген ойдамын», - деді.

Конференцияда тарихи құнды деректер мен тың ақпарат айтылды. Рәміздердің ұлттық және көркемдік ерекшеліктері жайлы баяндамалар оқылды.

Ал Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия оқушылары осы бір тарихи сәтке ұзақ уақыт дайындалды. Себебі мемлекеттік елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен кездесу екінің біріне бұйыра бермейді.

Тағлымы мол кездесу шарасына мектеп оқушылары қалмай келді. Елтаңба авторымен қатар жиынға Қазақстанның Еңбек ері, ұстаз Аягүл Миразова қатысып, алғы сөзін айтып, қонақтарды тарихи мерекемен құттықтады. Ал Жандарбек Мәлібеков оқушыларға елтаңбадағы әрбір белгінің қандай ұғымды білдіретінін, әрбір белгінің орны мен ерекшелігі жайлы асықпай әңгімелеп берді.

Мектеп өнерпаздары концерттік бағдарлама әзірлеп, қонақтарды талантымен таңғалдырды. Ал кеш соңында оқушылар елтаңба авторының қолтаңбасын алуға жапа-тармағай асықты. Естелік суреттерге түсіп, мәз-мейрам болды. Кездесу екі сағатқа созылды. Десек те, бұл уақыт көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткендей. Себебі, мұнда айтылған әрбір сөз, әрбір дерек құнды.

«Бұл ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрлер жалғастығын көрсететін жиын, кездесу болды деуге болады. Өскелең ұрпақтың бойын елінің тәуелсіздігі мен егемендігі, азаттығы үшін мақтаныш кернеді. Бұл жиын олардың мемлекеттік символдарды құрметтеп, ұлықтауға септігін тигізді. Патриоттық рухтағы жақсы бір кеш болды», - дейді Алматы қаласы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов.

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы бірлесе отырып, бұдан өзге бірнеше шараны ұйымдастырды.

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары