$ 498.55  524.28  4.75

Алматы қаласы Түрксіб ауданы үздік отбасыларын таңдады

Алматы қаласы Түрксіб ауданы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысатын отбасыларды іріктеуді бастап кетті. Құжаттарын өткізгендер арасынан байқау талабына Молдабаевтар мен Сластинлер және Оңғарбаевтар сай келді.

Молдабаевтар отбасы көпке үлгі. Молдабаев Кеңесбек білім саласында үзіліссіз 58 жыл еңбек етіп, оның 35 жылын мектеп басқару саласына арнапты. Республикалық газет-журналдарда штаттан тыс тілші, фототілші болған. «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімдері», «Қазақстан мектебі», «Жетісу», «Коммунизм нұры» сынды газет-журналдарға 100-ден аса мақала мен очерктері жарияланған. Бала тәрбиесі, ауыл жайы, еңбек адамдарының жағдайы – қоғам үшін маңызды тақырыптардың барлығына баспасөз бетінде ой-пікір қосқан. Ал жары Башан Алмасбекқызы «Ана даңқы», «Батыр ана» медальдарының иегері.

«Кез келген адам – қоғамның бір бөлшегі. Біздің ісіміз бен мақсатымыз қоғам өмірімен астасып, біте-қайнасып жатуы тиіс. Өз ісіңді жақсы көрсең, ол қоғамға, халыққа пайдасын тигізсе, одан артықтың керегі де жоқ», - дейді сексен жастағы Кеңесбек Қарсыбекұлы.

Сластиндер әулетінің отағасы тоқсан бір жаста.  Үш баласынан үш немере мен үш шөбере сүйіп отыр. Жары Анна Сластина 1971 жылы аудандық Кеңес депутаты болып сайланған. Бірнеше марапат иесі. Отбасылық өмірде рухани өсу мен тұлғалық қалыптасуға баса мән береді. Немерелері мен шөберелеріне адалдық, адамгершілік жайлы өнегелі әңгіме айтудан шаршамайды. Олардың бір ғана әулеттің емес, елдің, халықтың баласы болғанын қалайды.

Оңғарбаевтар теміржолшылар жанұясы.  Бақтыбай Оңғарбаев 45 жыл бойы теміржолда қызмет еткен. Оңғарбаевтар әулетінің барлық буынының теміржол саласына арнаған еңбек жолын қосып есептесек, 109 жыл шығады екен.

«Патриотизм, отанға деген сүйіспеншілік – сенің еңбегің мен сол еңбекке деген адалдығың арқылы көрінеді. Еңбек адамдары жақсы жұмыс істеп, ісіне жауапкершілікпен қарайтын болса, еліміз өркендеп, дами түспек. Қазіргі жастар осыны ұмытпаса игі еді», - дейді Бақтыбай Оңғарбаев.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысатын отбасының осалы жоқ. Ақтық кезеңге мықтылардың мықтысы ғана жіберіледі. Ал республикалық байқаудың соңғы кезеңі қыркүйек айында өткізеледі.

Г.Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары