$ 498.51  522.84  4.81

Алматыда биыл бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі

Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Әйгерім-2», «Саялы» ықшам аудандарындағы тұрғын үй құрылыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар, мегаполистің Алатау ауданында бой көтеретін 7000 орынды мешіттің, ашық жеңілатлетикалық стадионның құрылыстарын тексерді.

Шара барысында қала басшысы жайлылығы 4 сыныпты тұрғын үйлер жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар мен «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» салымшылары үшін салынып жатқанын айтты.

Мәселен, биылғы жылы «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің» 1784 алматылық салымшысы пәтер құнының 30 пайызын жинаса 23 жылға дейін жылына бес пайыздық төлеммен пәтерін ала алады. Жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі, олардың басым көпшілігі кейін сатып алуға болатын жалдамалы пәтерлер және КИК пен «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ жобасы бойынша берілетін үйлер.

Қазіргі кезде барлық тұрғын үйлерге қажетті инфрақұрылым - газ, су және электр желілері тартылған. Үйлердің алдына балалардың ойын және спорт алаңдары, шаруашылық аймағы мен көлік тұрақтары салынады. Бұлардан өзге «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Артемида ЛТД» ЖШС компаниясы 640 орынды екі бала бақша салып, кейін оны қаланың коммуналды меншігіне өткізетін болады.

Қала әкімі «Almaty Arena» мұз сарайының артында салынып жатқан жеңілатлетикалық стадион құрылысын да көрді. Бұл нысан кәсіпкерлер қаржысына салынуда. Объект биылғы жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Стадионда футбол алаңы, 400 метрлік алты айналымдық және 100 метрлік жүгіру жолы, сырықпен секіретін сектор және басқалары бар. Көрермендар мен жанкүйерлер үшін 300 орынды трибуна қойылатын болады.

Осы ретте айта кету керек, биыл үй кезегінде тұрған алматылықтардың төрттен бірі баспаналы болады деп күтілуде. Жуырда ғана 120 отбасы Атлеттер қалашығында қысқы Универсиада үшін салынған пәтерлердің кілттерін алды.

Жалпы, Алматыда «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларына 20 млрд теңге, дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында тұрғынүй құрылысына республикалық бюджеттен 33 млрд теңге бөлінген. 2016 жылы қала тұрғындарына 4 мың пәтер берілсе, биыл жыл соңына дейін тағы 5 мың пәтер өз иелерін табады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының алғашқы бесжылдығында «оңтүстік астанада» жалпы құны 140 млрд теңге болатын 670 мың шаршы метр пәтер салынбақ. Бұл Алматыдағы баспана проблемасын түбегейлі шешпесе де, жылдар бойы үйсіз жүрген жандардың баспаналы болуына жағдай жасайды.

Айта кететін тағы бір жайт, бұдан былай үй кезегіне тұру үшін бар мәселені Электронды үкімет порталымен-ақ шеше аласыз. Сондай-ақ, кезектің жылжып жатқанын да осы веб-ресурстан тексеріп отыруға болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары