Алматыда «ақылды қала» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Алматы-2020» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. 7 бағыттан тұратын осынау жобаның басты міндеті – Алматыны әлемдік деңгейдегі заманауи қалалар көшіне қосу. Осы бағдарлама аясында «оңтүстік астана» тұрғындарының өмір сүру әлеуеті артып, қаладағы өркениет көш ілгерілейді.
Аталған 7 бағыттың ең біріншісі тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, яғни жол қозғалысын реттеу. Өйткені, Алматыдағы ең өзекті проблемалардың бірі қазір жолдардағы көлік тығындары. Бұл бағытты жүзеге асыру мақсатында қаладағы бірнеше көше кеңейтіліп, жолайрықтар салынатын болады. Жұмыстар бүгінде қызу жүріп жатыр.
Осы жұмыстардың сапасын тексеру үшін Алматы әкімі Бауыржан Байбек салаға жауапты мамандарды ертіп, қала көшелерін жаяу аралап шықты. Алдымен шаһар басшысы Абдулин көшесі мен оған жақын орналасқан жерлерге жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Анықталғандай, Бөгенбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейінгі жолдың шығыс жағында тротуар жоқ, қоғамдық кеңістік қоршаумен жабылған екен. Б.Байбек қаланың құрылымдық бөлімшелеріне қоршауды алып тастауды, оның орнына тротуар жасауды тапсырды.
Көшпелі жұмыс сапарына қатысқандар жолдардағы жүргіншілер қауіпсіздігін де талқылады. Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов биылғы жылы Алматыда 102 өтпелі жолдардың қайта жасалып, түн мезгілінде жарықпен қамтамасыз етілетінін айтты.
«Биылғы жылы бағдар шам арқылы ретке келтірілетін 10 өтпелі жолдар салынады әрі қоршалады. Қоршау конструкциясы қарастырылған, балалар мен жаяу жүргіншілерге қолайлы, жүргізушілердің жақсы көруі де қамтамасыз етілген, балалар жақындаған автокөлікті бірден байқайды. Бүгінгі күні мектептер маңында осындай 62 өтпелі жол бар», - деді М.Исахов.
Тексеру барысында мегаполис басшысы Фурманов көшесінен Жансүгіров көшесіне дейін теміржол арқылы эстакаданы қоса қиып өтіп , жолды ұзарту, жол айрықтарын және қалаға қосылған елді мекендерде жол салу стратегиялық іс-шаралар болып табылатынын атап өтті. Ол жол салуды мерзімінде әрі барынша сапалы атқару үшін бақылауды күшейту қажеттігін қадап тұрып айтты.
Қазіргі кезде қалада Хмельницккий көшесі Сүйінбай көшесінен Жас-қанат ықшам ауданына дейін үңгіленуде, сонымен қатар Абай даңғылынан, Әуезов көшесінен Қалқаман елді мекеніне , одан қала шекарасына дейін жол тартылады, ал Сейфуллин,Жансүгіров көшелері мен Рысқұлов даңғылы, Емцов көшесі мен Құлжа тракті бойларында жол айрықтары салынады, BRT желісі бойынша жол- көше жүйесі қайта жасалады, Наурызбай ауданындағы Қалқаман және Алты алаш елді мекендерінде ұзындығы 17,335 км болатын, Алатау ауданыныңда Алғабас және Ақбұлақ елді мекендерінде ұзындығы 10,993 км болатын жолдар салынады.