Алматының жолдарындағы көлік тығындарының проблемасын шешу мақсатында қалада метро станцияларын салу жұмыстары одан әрі жалғаса бермек. Бұл туралы «Алматыметроқұрылысы» АҚ бас директоры Нұрлан СЕМБИЕВ мәлімдеп отыр. «Алматыдағы метро бекеттерін салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», - деді ол тілшілерге берген сұхбатында.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта метроның «Сарыарқа» және «Достық» бекеттерінде жұмыстар жүріп жатқаны белгілі. Соның ішінде, бір ғана «Достық» стансасы маңындағы 44 жер телімі мемлекеттік қажеттілікке орай сатып алынатын болыпты. Осы үшін республикалық бюджеттен арнайы 6,7 млрд. теңге бөлу көзделген екен. Одан қалды, жұмыстарды жүйелі жүргізіп, метро құрылысы жұмысын жылдамдату мақсатында қала қазынасынан қосымша 2,4 млрд. теңге де қарастырылған. Аталған қос бекет құрылысы алдағы үш жылда, яғни, 2020 жылы нақты қолданысқа беріледі деп белгіленген.
Атап өтетіні, бұл метро бекеттеріндегі жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Тіпті, қос бекеттің арасын жалғайтын жерасты жолдары да қазылып, бүгінде олар бітуге айналған. Сондай-ақ, бүгінде оларға қажетті темір-терсек төселіп қойылған. Әрине, қаржы болса, істелінетін жұмыстар көп-ақ. Сол себепті, ондағы жұмыс жағдайына орай «Қазіргі уақытта бұл метро бекеттерінің құрылысына 650 адам жұмылдырылған. Одан басқа, жалдамалы құрылыс компаниясының 200 адамы осы жерде жұмыс көрігін қыздырып жатыр», – дейді, «Алматыметроқұрылысы» АҚ бас директоры Нұрлан СЕМБИЕВ.
Әрине, алдағы уақыттарда метро бекеттері түсетін бұл жерлердегі бұрын салынған жер үйлерді сүру жұмыстары жаңадан басталды десе де болады. Бұл ретте, қала әкімдігі мұндағы 44 жер телімін биылғы жылы өз меншігіне сатып алуды жоспарлап отыр. Атап өтетіні, мұндағы жер иелерінің барлығы да өтемақы ретінде берілетін қаржы сомасымен оңай келісімге келгені қуантты. Әйтпесе, бұрындары үйлері бұзылатын тұрғындар алдын ала белгіленген сомамен келіспей, сотқа дейін апаруға мәжбүр еткізетін. Енді, метрополитен мәселесі қозғалғанда «Егер бұл жоба жүзеге асатын болса, онда метромен жүретін алматылық жолаушылар саны да артар еді. Оның үстіне, осыған орай мұның өзі 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Өйткені, бұл ауқымды құрылыстың жалпы құны 73,3 млрд. теңгеге бағаланған», – деп, Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ өз ойын білдіріп өтті.
Қорыта айтқанда, «Сарыарқа» және «Достық» стансалары, жоғарыда келтіргеніміздей, 2020 жылы толық қолданысқа беріледі деп күтілген. Бұл ретте, құрылысы 2015 жылы басталған қос бекетті салуға қазірдің өзінде 11,4 млрд. теңге жұмсалыпты. Ал, енді салынып жатқан бұл екі стансаның арасы шамамен 3 шақырымнан асады. Осылайша, метро желісі бұдан да ұзара түсіп, онымен тағы да 80 мыңдай жолаушы жүре алады. Әсіресе, бұл ретте негізінен жатын аудандар саналатын «Ақсай», «Жетісу» ықшамаудандары тұрғындарына жұмысқа барып-қайтуда үлкен жеңілдіктер орнар еді.
Ал, бұл айтып отырған метро бекеттері салынып біткен соң, жер асты жолының құрылысы одан әрі «Қалқаман» және «Автобекет» стансаларына дейін созыла түседі деп жоспарланған. Біле білсек, бүгінде Алматыда 9 метро бекеті бар.
Құттыбек АЙМАХАН