$ 445.66  474.58  4.78

Алматыда бұрын-соңды елімізде болмаған мұражайлы планетарий салынады

Осынау бірегей орталықта келушілер аспан әлемін тамашалайды. Әрі, галактика туралы танымдық дүниелермен танысады. «Алматы Ғаламшары» деп аталатын кешен Наурызбай ауданында бой көтермек. Жобаны жүзеге асыруға шетелдік кәсіпкерлер құлшынып отыр екен. Бұл туралы бүгін ауданда өткен инвест-форумда белгілі болды.

Наурызбай ауданы бизнесті дамытуға қолайлы ортаға айналады. Қазірдің өзінде жас ауданда жасалып жатқан жағдайға қызыққан кәсіпкерлердің қарасы көп. Арасында шетелдіктер де бар. Мәселен, Еуропалық инвестор 16,5 млрд теңге қаржы салып, бұл жерден планетарий ашуды қолға алмақ. Бұрын-соңды елімізде болмаған орталықта жұлдызды аспанды тамашалап қана қоймай, ғарыш туралы мұражайды да көруге болады. Сондай-ақ, орталық ішінде мектеп оқушыларына ғаламшар ғажаптары туралы тереңінен түсіндіретін үйірмелер де ашылмақ. Ал, жұлдыздарды көруге мүмкіндік беретін құны қымбат құрылғымен аспандағы қозғалысты күндіз-түні бақылауға болады екен.  Жоба алдағы үш жылда толығымен жүзеге асуы әбден мүмкін. 

«Қазақстан бойынша 14 планетарий салуды жоспарлап отырмыз. Олар әр өңірдің ең ірі қаласында орналасады. Кешендерде тек жұлдызды аспанды тамашалап қана қоймай, ғаламшар туралы білімді жетілдіруге болады. Жалпы планетарий 4 жастағы баладан бастап, ересектерге де қызықты орынға айналады деп ойлаймыз. Себебі, мұндай орталықты аралаған адам өзін ғарышқа саяхаттап келгендей сезінеді. Жалпы планетариге бір мезетте 260 адам келе алады»,- деді жоба директоры, Евгений МОМОТ.

Инфрақұрылымды дамыту - кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың бірден-бір жолы. Сондықтан, форумда Наурызбай ауданында жасалып жатқан жол мәселесі де сөз етілді. Болашақта ауданда екі бірдей метро бекеті салынады. Олар  Әшімов көшесін жағалай орналасатын «Қалқаман», әрі, Райымбек даңғылы мен Әшімов көшесі қиылысынан солтүстікке қарай орналасатын - «Западный» бекеті. Осы аумақта қалаға кіретін азаматтарға темір тұлпарларын қалдырып, қоғамдық көлікті пайдалануға мүмкіндік беретін автобекет те салынбақ.

«Абай даңғылы мен Әшімов көшесінің қиылысында болашақта салынатын осы жоба биыл басталады, жолайрығын таныстырып жатырмыз. Былтырғы инвест форумнан байқағанымыз, көп кәсіпкерлердің үміті және болашақта бизнесті дамыту, біздің ауданда бизнес жобаларды іске асырудың көбі осы жол инфрақұрылымына байланысты болғандықтан біздер бүгінгі инвест форумда бұны көбірек уақыт бөлген болатынбыз», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Жалпы, Наурызбай ауданы инвестиция тарту бойынша оң көрсеткіш көрсетіп отыр. Өткен жылы ұйымдастырылған инвест-форум аясында ауданда кәсіп ашқысы келетін іскерлердің қарасы көбейіпті. Соңғы 3 жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 есеге, яғни 7 млрд.-тан 22 млрд-қа дейін өскен. 1500-нан астам жаңа жұмыс орындары құрылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары