$ 443.37  474.49  4.83

Алматыда ашылған супермаркет отандық кәсіпкерлерге тегін орын ұсынады

Алматыда шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауға бағытталған шаралар жалғасуда. Күні кеше қалада ашылған жаңа супермаркет отандық кәсіпкерлерге тегін орындар ұсынып отыр. Талап біреу ғана – сөрелерде Қазақстанда тігілген киімдер ғана сатылуы керек.

Жалпы елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауар өткен жылы 23,9 млрд тенгені құраған. Тоқыма, киім тігу өнеркәсіптің 30 пайызын құрағанмен, дайын тауарды тұтынушыға жеткізу жолы жеңіл емес. Ал тегін орын беретін дүкендермен қамтамасыз ету өз кезегінде отандық өндірушілердің жолын ашпақ.

Көрсең көзің тояр, өзіне бірден тартар киімдерге қарап, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп жоқ деген сынды жоққа шығаруға болады. Бірақ, түбегейлі пісті, жетілді деп айтуға да әзір ертерек. Кәсіпкерлер, өз-беттерінше өнім өндіріп жатқанмен қолдау жоқтың қасы. Ауқымы кең сауда кешенінен іздегеннің бәрін табуға болады. Тек, Қазақстандық тауар. Бұл жоба шет елдегідей бренд орталықтарды қалыптастырудың бастамасы болса керек. Баға да арзан деді ұйымдастырушылар. Алайда, нарық құнынан тым арзан деп те айтуға келмес. Себебі, жеңіл өнеркәсіп саласы шикізаттың біразын импорттайтыны жасырын емес. 

«Ең бастысы, барлығы отандық өнімдер. Сонымен қатар, біз тауарды барынша көп шығарып, басқа дүкендерден қарағанда құнын төмендетіп сатамыз. Біздің дүкеннің мақсаты – қазақстандық өнімдер сәнді және қолжетімді болуы тиіс», - дейді Жоба жетекшісі, Екатерина КИМ.  

Жоба жетекшілерінің айтуынша, бірден мол қаржы табу басты мақсат емес. Алдымен бизнесті жолға қойып, отандық өнімнің тиімді екендігіне елдің назарын аударту. "Қазақстанда Жасалған" белгісімен тауар қоюға келген кәсіпкерде, тауарға қызыққан халықта көп. Жібек, барқыт, берен, мақпал, мауыты, шұға сынды сан түрлі маталардан тігілген костюм, көйлектерден бөлек былғары өнімдерде сөреден көрінді.  

«Алдымен мені тауар қоятын орынның тегін екендігі қуантады. Өйткені, бізде қазір жалға алу орындары өте қымбат. Біз онсызда тауарларға көп баға қоса алмаймыз. Ал мына дүкенде ондай аспандағы баға деген мүлде жоқ. Орынды тегін алда, отандық өнімді сата бер дейді. Бұл кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік», - дейді кәсіпкер Ержан ЕЛУБАЕВ. 

Қазір жеңіл өнеркәсіпті игеріп, отандық өнімнің өрісін өрге жаямын дегендерге жан-жақты қолдау көрсететін жобалар жиынтығы көбейіп келеді. Тіптен мемлекеттік жеңілдіктерден бөлек медиамагнаттарда «Қазақстанда жасалған» жобасы аясында жергілікті тауар өндірушілерге тегін орын ұсынып келеді. 

«Өзіңнің медиялық мүмкіндіктеріңді теле, радиоэфир, журнал, сайттардан беру өте көп көмек болады. Өнімдерді қазақстандықтарға айтып, түсіндіру арқылы тасымалдаушы, өндіруші, өткізуші сынды әріптестерді табуға жол ашылады. Бұл бизнеске қолдау болмақ», - дейді кәсіпкер Арманжан БАЙТАСОВ. 

Өткен жылы жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауар саны 23,9 млрд тенгеден асқан. Оның 29,4% тоқыма өнеркәсібіне тиесілі болса, киім тігу 2,9% құраған. Былғары өндіруде 18,3% өскен. Бүгінде елімізде 984 өнеркәсіп болса оның 95 шағын бизнес ошақтары. Бұндай кәсіпорындарда қазір 13 мыңнан астам адам жұмыс істеп келеді.

«From KZ» деген атау алған дүкеннің саудагерлерге арналған аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 5 мыңнан астам тауар түрі сатылады деп жоспарлануда. 200 өндіруші киім мен аяқ киімдерін алып келсе, азық-түлік өндірісімен айналысатын 100 кәсіпкер алматылықтарды арзан бағаларымен қуантпақ. Сонымен қатар, тұрмыстық химия мен иіс-сулар шығаратын шағын компаниялардың да тауарлары осы дүкенде сатылатын болады.

Жаңа супермаркет Мұқанов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында орналасқан. Ауқымды жобаның ұйымдастырушысы - «Ұлы Жібек жолы» қауымдастығы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары