Санаулы күндерден кейін Алматыдағы Наурызбай ауданының құрылғанына тура 3 жыл толады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2014 жылы іргесі қаланған аудан аумағы бүгінде адам танымастай болып өзгерді. Мұнда жаңа әкімшілік ғимараттар бой көтеріп, халықтың әлеуметтік проблемалары жедел шешіле бастады. Инфрақұрылым желілері де әрбір үйге дейін тартылған. Осылай деген Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов журналистердің басын қосып, ауданда орын алған өзгерістермен таныстырды. Белгілі болғандай, Наурызбай ауданында бой көтерген әкімшілік ғимараттар кешені 1 шілде күні ашылады екен.
Журналистер тобы алдымен аудандағы наубайханалардың біріне ат басын бұрды. Алматының «сүт кенжесінің» экономикадағы қарқыны қарымды. Салық түсімі 3 жылда 391 млн теңгеден 5 млрд теңгеге дейін өскен. Мұның барлығын кәсіпкерлер Үкімет тарапынан жасалған жеңілдіктердің арқасы деп отыр. Аудандағы шешімін таппаған мәселелердің бірі – балабақшаның жоқтығы болатын. Түйткілдің түйінін тарқатуға тағы сол кәсіпкерлер көмектесіпті. Мәселен, 43 балабақшаның 41-і мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салынған. Былтыр кезекте 1900 бала тұрса, биыл оның саны екі есеге қысқарыпты.
«Облыстан қосылғандықтан, ауданда балабақша тапшылығы анық байқалатын. Бірақ қазір жағдай мүлде бөлек. Біз барлық талаптарға сай келетін, заманауи балабақша салдық. Бір айлық құны 60 мың теңге. Ал «Балапан» бағдарламасы бойынша келген ата-аналар 40 мың теңге төлейді. Қазір 80 бала бар», - дейді жаңа балабақшаның меңгерушісі Әлия Нақысбекова.
Жаңбыр жауса жандарын шүберекке түйіп отыратын наурызбайлықтар Қарғалы өзенінің қарқынан қорқатын. Енді бұдан былай өзеннің жанында тұратын Қарағайлы, Құрамыс, Таусамалы елді-мекеніндегі қауіп сейілмек. Оған қоса, 14 шақырым арық жүйесі салыныпты. Тағы 20 шақырым салу жоспарда бар. Ал, Жандосов көшесін қиып өтетін Қарғалы өзенінің құрылысы биыл маусымның соңына дейін аяқталады.
«Осы уақытқа дейін өзекті мәселелер, өзіңіз айтқандай, Қарғалы өзені болатын. Қазіргі таңда бұл сұрақ толығымен шешілді. Қарғалы өзенінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 7,7 шақырым бетонмен жөнделіп, көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі салынған Қарғалы өзенінің көлемі секундына 27 текше метрді өткізеді. Қазіргі таңда бұл ағып жатқан судың көлемі секундына 0,5 текше метрмен ағып жатыр. Үлкен селді өткізіп жіберетін мүмкіндігі бар», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.
Тағы бір алаңдатқан мәселе – ауыз су тапшылығы. Халықтың үштен бір бөлігі тіршілік нәрін орталық су жүйесінен алса, қалған 20 пайызы жеке ұңғымадан ішеді.
«Қазіргі таңда біздің ауданымыздан өтетін Қарғалы және Ақсай өзендерінің басында жаңадан фильтр станциясы жоспарлануда. Бұл жоба деген аяқталуда. Тағы да ауданымызда орналасқан 9 елдімекенде су және кәріз жүйесін салу жобасы дайындалып жатыр. Бұның бәрі қазіргі кезде 90 пайызға аяқталған», - аудан әкімі.
Ауданның жаңа әкімшілік ғимаратының ерекшелігі сол, бұдан былай халық алысқа сабылмастан, бір ғана орталықтан барлық қызмет түрін ала алады. Мәселен, бұл аумақта аудандық сот, халыққа қызмет көрсету орталығы, әкімдік және тағы сол сияқты нысандар орналасады. Қоныс тойын Наурызбай ауданының Ішкі істер бөлімі де тойламақ.
«Біз мына ескі ғимаратта отырмыз. Ол жерде 80 адамға арналған орын. Жаңа салынған ғимарат жаңа өмірдің ағымына байланысты барлық қызметтік талаптардың барлығына сай келеді. Өзіміздің автокөліктерге арналған тұрағымыз болады. Автожуғыш болады. Соның ішінде спорт кешені бар», - дейді Наурызбай аудандық IIБ басшысы Дәурен Өтебаев.
3 жылда ауданды дамытуға ғимараттар мен инфрақұрылым жүйесін салуға 44 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Тағы 3 млрд теңгеден астам қаражат мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында берілген. Жаны жомарт жандар 1200 орынға арналған мектеп, ауысымына 500 адамды қабылдайтан емхананы сыйға тартыпты. Мектеп тамыз айында тапсырылады. Әзірге 27 аулада спорттық алаңқайлар ашылған.