$ 449.58  486.94  4.86

Нұрсұлтан Назарбаев туралы қос кітап оқырманға жол тартты

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы жыл сайын көптеген еңбектің жазылатыны баршаға мәлім. Бұл үрдіс биыл да Елбасының туған күні қарсаңында жалғасын тапты. Отандық авторларды айтпағанда Мемлекет басшысы туралы кітаптарды соңғы уақытта алыс-жақын шетелдің ғалымдары да жазып жүр. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесі, ядролық қарудан саналы түрде бас тартуы талай еңбектің жазылуына арқау болып отыр.

Елбасының Қазақстанның жан-жақты дамуы үшін атқарған еңбектері туралы бір емес екі бірдей кітап Оңтүстік Қазақстан облысында жарық көрді. «Жаһан таныған жеті тұлға» және «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» деп аталатын туындылардың тұсау Астана күні қарсаңында кесіліп, оған ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі қатысты. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылға осынау кітаптардың өз ерекшеліктері бар.

«Бүгін тұсауы кесілген «Жаһан таныған жеті тұлға» - аты айтып тұрғандай әлемге әйгілі болған реформаторлар туралы кеңінен толғанып жазылған дүние. Әрине олардың ортасынан ойып тұрып орын алған Ұлы дала перзенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырудағы қиын да, күрделі кезеңдерден жол тауып шыққандығы баяндалады. «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» атты кітаптың да өзіндік ерекшелігі бар. «Ордабасыға оралу» деген алғашқы бөлімде Елбасының қасиетті мекенге табан тірегені турасында толғанатын тұстар көп», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жалпы, «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» атты кітап үш бөлімнен тұрады. Аталған туындыда «Ордабасыға оралу» деген алғашқы бөлімде Елбасының қасиетті мекенге табан тірегені турасында толғанатын тұстар жан-жақты қамтылған. Кітаптың екінші бөлімінде Елбасымыздың шетел басшыларымен оңтүстікте кездесулері сәтті суреттерімен әңгімеге арқау болған. Ал үшінші бөлімде мемлекет басшысының облысымызға 1991 жылдан басталған сапарлары жан-жақты баяндалады. Басылымға таяудағы оңтүстік өңіріне жасаған сәуірдегі сапары да енгізіліп отыр.

«Жаһан таныған жеті тұлға» кітабының авторы Абай Ескендіров аталған туындыны 4 жылда жазып шыққанын айтады. 656 беттен тұратын туындыда тарихи тұлғалардың ел басқару үрдісіндегі ғибратты ғұмырлары әңгімеге арқау болған. Жер жаһанға аты мәлім жеті тұлғаның өз отандастарының да, жатжерліктердің де санасында серпіліс тудырған тағдырлары ешкімді бейжай қалдырмайды.

«Кітаптың жалпы мазмұны – жаһан таныған жеті тұлға хақында. Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Унистон Черчилль, Мұстафа Кемаль, Шарль де Голль, Ли Куан Ю, Нұрсұлтан Назарбаев сынды ұлы жеті тұлғаның ерен еңбектері жан-жақты қамтылған», - дейді кітап авторы Абай Ескермесұлы.

Шара барысында облыс əкім қос кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаевты, «Тəуелсіздік, Тұлға, Тарих» құрастырушысы Асылбек Досалыны, «Жаһан таныған жеті тұлға» кітабының авторы Абай Ескендіровке алғыс хатпен марапаттады. Шара соңы театр фойесіндегі «Мәңгі жайнай бер, Астана!» тақырыбындағы кітап және фото көрмесіне жалғасты.

Осы ретте айта кету керек, күні кеше Астанада ресейлік жазушы-құжатшы әрі тарихшы Николай Зеньковичтің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» еңбегі таныстырылған болатын. Кітаптың өзге еңбектерден ерекшелігі – ол мектептің үлкен сыныбында оқитын балаларға арналған. Автордың айтуынша, ол Нұрсұлтан Назарбаевты соңғы жиырма жылдан бері зерттеп келеді екен. Ең алғашқы қызығушылығы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін пайда болған. Оның Елбасы туралы алғашқы кітабы былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Имя, ставшее эпохой» деген атаумен жарыққа шықты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары