$ 498.34  519.72  4.85

Заң үстемдігін қамтамасыз ету – маңызды қадам

Елімізде соттарға жылына 1,5 миллионға жуық арыз-шағым мен өтініштер келіп түсетінін, бір дау бойынша кемінде екі тараптың болатындығын ескерсек, шамамен 2-2,5 миллион адам сотқа жүгінеді. Осы ретте судьялардың жүктемесімен қатар, сот ғимараттарының сыртқы және ішкі безендірілуіне қойылатын талаптардың артқанын аңғару қиын емес. Қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтап, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сот органдарының инфрақұрылымын дамытып, технологиялық мүмкіндіктерін арттыру – заман талабы. Себебі, сот жүйесін материалдық-техникалық тұрғыдан нығайту – заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған ең маңызды қадамдардың бірі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республика судьяларының VI сьезінде:

«ХХI ғасырдағы ұлт дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, аза­мат­тардың әл-ауқатының жоғары деңгейі­нің де, қоғамның табысты дамуының да бо­луы мүмкін емес», – дей келе, соттар мен судья­лардың тиімді жұмыс істеуі үшін оларды бар­лық қажеттіліктермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Жоғарғы Сот отандық сот жүйесінің инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп келеді. Бұл – отандық соттарды халықаралық стандарттарға сәйкес дамыту­дың ең басты алғышарттарының бірі.

Қоғамның сот төрелігіне деген ұдайы сұранысының үдесінен шығу ең алдымен, тараптарды сот процесінің өтетін орны мен мерзімі туралы уақытылы хабарландыру, қажет­ті сот құжаттарымен таныстыру, ыңғай­лы күту және сот отырысы залдарының болуымен тікелей байланысты. Осы орайда соттардың жаңа ғимараттарын салу, қол­да­ныстағы ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру – сот жүйесінің инфрақұрылы­мын дамытудың ең басты бағыттарының бірі.

Елімізде Ұлт Жоспарына сәйкес сот жүйесін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, юрисдикциядағы сот­тар­мен қатар, мамандандырылған соттардың жаңа түрлері – экономикалық, әкімшілік, инвестициялық, қылмыстық, әскери, ювеналдық соттар пайда болды. Осы ретте әрбір сотқа өзіндік талаптар қойылады. Мә­се­лен, қылмыстық істер қаралатын сот­тар­да темір торлардың болуы міндетті болса, балалардың құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес, ювенал­дық соттарда темір торлар болмауы, керісінше, ба­лалар бөлмесі мен психолог кабинеті болуы тиіс.
Қазіргі қолданыстағы сот ғимарат­та­ры­ның басым бөлігі Кеңестік кезеңде салынған. Олардың көпшілігі сот төрелігін жүзеге асыру бойынша заманауи әлемдік стандарттарды былай қойғанда, қарапайым функционалдық талаптарға сай келмейді. Осы орайда сотт­ар­дың инфрақұрылымын нығайту бойынша атқарылатын іс-шаралардың ауқымы кең. Алай­да бұл бағыттағы жұмыс ең алдымен, мемлекеттен бөлінетін қаржыға тәуелді болған­дықтан республикалық және жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Судьялардың VI сьезі өткен 2013 жылдың қарашасынан бергі уақыт ішінде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ Астана қаласында әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 45 мың­нан астам шаршы метрді құрайтын 8 жаңа ғимарат салынды.

Судьялар мен мамандардың жұмыс жа­сауы­­на барлық жағдай жасалған жаңа сот ғимараттары сот дауларын қарайтын ғимарат­тар санаттарына қойылатын барлық талап­тарға сай келеді. Сәулет-жобалау және техникалық шешімдерді әзірлеу барысында жаңа ғимараттардың азаматтар үшін қолайлы бо­луы­на баса мән берілді. Жобалау кезінде өңірдің климаттық ерекшеліктері ескерілді. Жаңа сот ғимараттарын әрлеу үшін беріктігі жоғары экологиялық таза материалдар пайда­ла­нылып, тіршілікті қамтамасыз етуге бағытталған және телекоммуникациялық желілермен жарақтандырылды.

Соттардың жаңа ғимаратында сот төре­лі­гін сапалы жүзеге асыру үшін сот залдары, ке­ңесу бөлмелері, адвокаттардың, про­ку­рор­лар­дың, медиаторлардың жұмыс бөлмелері, күту залдары және тағы басқа бірқатар кең­се­жай­лар қарастырылған. Мәселен, елордамыз Астанадағы қалалық соттың жаңа ғима­ра­тын­да сот отырысына арналған 50 зал көзделген. Осылайша, елімізде заманауи сот ғи­ма­рат­та­ры­ның бой көтеруі сот отырыстарының кешігіп басталуы секілді әуре-сарсаңның түбегейлі жойылып, процестің уақытылы басталуына жағдай туғызды.

Биылғы жылдың өзінде республика бойынша 9 сот ғимаратының құрылысы басталды. Бұл ғимараттар Қарағанды, Қоста­най облыстық соттарына, Алматы облысының Текелі қалалық сотына, Ақмола облысының Жарқайың аудандық сотына, Жамбыл облысының Жуалы аудандық сотына, Маң­ғыс­тау облысының Мұнайлы аудандық со­ты­на, Ақтөбе обысының Мәртүк аудандық сотына, Алматы қаласының Наурызбай аудан­дық сотына және Қызылорда облы­сы­ның Қазалы аудандық сотына тиесілі.

Сонымен қатар 6 сот ғимаратының құрылыс жобасы әзірленуде. Болашақта салынатын бұл ғимараттар Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе және Тасқала аудандық соттарына, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш аудандық сотына, Алматы қалалық сотына, Ақтөбе облыстық соты мен осы өңірдегі Әйтеке би аудандық сотына беріледі.

Сот ғимараттарына деген қажеттілік мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда республика бойынша 24 сот ғимаратын салу бойынша инвестициялық ұсынымдар әзір­ле­ну­де. Сот ғимараттарының эстетикалық кел­беті мен инженерлік жүйелерін ретке келтіру, 89 сот ғимаратына жөндеу жұмыс­та­рын жүргізу мақсатында үнемделген қаржы есебінен 1 млрд 245,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен қатар 44 сот ғимаратының жылу және есептеу құрыл­ғы­ларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында да кешенді жұмыстар қолға алынуда. Осы орайда жергілікті 18 сот ғимаратының пандустары арбамен қозғалатын мүгедек­тер­дің ғимаратқа кедергісіз кіруіне ыңғайлы етіліп жасалуда.
Қазіргі таңда республикадағы сот ғи­мараттарында БАҚ өкілдеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы баспасөз залдары қарастырылуда. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қызметтік автокөліктердің басым бөлігіне газ баллон құрылғылары орнатылды. Бұл жанар-жағармайға жұмса­ла­тын қаржыны шамамен 50 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

Бұқараның кең ауқымды бөлігінің сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында сот ғимараттарын әкімшілендіру жұмыстары жүргізілді. Сот ғимараттарына талап арыз үлгілері, сот залдарына мем­ле­кеттік рәміздер, БАҚ өкілдеріне арналған хабарландырулар, телефон анықтамалары, ұсыныстар мен шағым жәшіктері кеңсе­жай­лардың эвакуациялық жоспарлары, аудио-бейнетіркеу құрылғылары, бейнебақылау камералары, сот істерінің кестесін көрсетуге арналған мони­тор­лар, сот зал­да­рын­да бейнемате­риал­дарды көрсететін теледи­­дарлар, су диспенсерлері, банкоматтар, көпқұрамды соттарда төлем терминалдары орнатылған.

Сот органдарында адамдардың жеке қауіпсіздігі мен ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында 400-ге жуық ба­қылау және қолжетімділікті басқару жүйе­сі, басқа да атқару техникалары орнатылды.

Қорыта айтқанда, Ұлт Жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқан институттық реформа шеңберінде сот жүйесінің материалдық-техникалық базасы нығайып, инфра­құ­ры­лы­мы дамуда. Атқарылған осы жүйелі жұмыс­тар­дың нәтижесінде, азаматтардың сот төре­лігіне қол жеткізу деңгейі мен құқықтық мәдениеті, халықтың сот жүйесіне деген сенімі артуда.

Нұрсерік ШӘРІПОВ,
ҚР Жоғарғы сотының жанындағы
Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары