$ 446.49  475.38  4.79

"100 нақты қадам" Ұлт жоспарын жүзеге асыруда Бас прокуратура тың жобаларды қолдана бастады

Былтыр ҚР Президентінің 5 институционалдық реформасы аясында жарияланған "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының негізгі бөлігі заң үстемдігіне арналғанын жақсы білеміз. Әсіресе, сот жүйесінің реформалануын тапсырған Елбасы құқық қорғау органдарына тек қана әділдікті қалқан қылуды бұйырды. Бүгінде елде Президенттің осынау тапсырмасын орындау үшін біраз ауқымды істер қолға алынған. Сол істердің бір бөлігін прокурорлар атқарып келеді.

Осыған орай, ҚР Бас прокуратурасында 2017 жылдың бірінші жартыжылдық жұмысы қорытындыланып, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында көзделген стратегиялық тапсырмалары талқыланды.

ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов Конституцияның прокуратура туралы 83-бабына 22 жылдың ішінде алғаш рет өзгерістер енгізілгенін, жаңа Заң қабылданғанын атап өтті. Бұлардың барлығы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам, бизнес пен мемлекет мүддесін қорғаудағы жұмыстарды күшейтуге бағытталған.

Жиын барысында алдағы кезеңге тапсырмалар айқындалды, олар төмендегідей:

1. Конституцияда бекітілгендей мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүргізу міндетін сапалы іске асырып, процессуалдық прокурорлардың ролін арттыру арқылы олардың назарын қылмыстық процеске барынша аудару.

2. Е-қылмыстық пен Е-әкімшілік іс ақпараттық жүйелері мен «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйелерді одан әрі енгізуді жалғастыру. Бұл жүйелер істер бойынша өндірістің сапасын арттырады, қажетсіз құжат айналымын азайтады, іс материалдарын бұрмалауға жол бермейді, барлық сатыда уақыт үнемдейді, сондай-ақ істі жүргізу сатысы мен сотқа жөнелту кезіндеде процестік олқылықты болдырмайды.

3. Азаматтардың өтініштерін қарау барысында жаңа әдістерді, оның ішінде өңірлерде Құқық қорғау қызметтері орталықтарын ашуды жүзеге асыру. Азаматтардың өтініштерін қарау жұмысын жаңа әрі сапалы деңгейге көтеру үшін прокуратура алаңында орталықтар ашылып, онда бір топ кәсіби мамандар (прокурор, адвокат, медиатор, нотариус, психолог, пробация қызметі мен әкімдік өкілдері) тегін көпсалалы құқықтық көмек көрсететін болады. Бұл Ұлт жоспарының 100-ші қадамынан бастау алып, құқықтық қызмет көрсетуді бір жерде шоғырландыруды көздейді.

Дәл осы күні Бас прокуратурада Құқық қорғау қызметтері орталығының ашылуы болып өтті.

Орталық Бас прокуратура ғимаратында орналасты. Оның жалпы ауданы мың шаршы метрге жуық алаңынды қамтып, заманауи инженерлік-техникалық жабдықтармен, электрондық кезек жүйесімен, «Connection Point» өз-өзіне қызмет көрсету секторымен, сондай-ақ күту залы және өзге де қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. 

Аталған Орталықта азаматтарға тәжірибелі прокурорлар құқықтық көмек көрсетеді. Азаматтардың арыз-шағымдарын уақытылы әрі тиімді шешу үшін бұл жұмысқа өзге де заңгерлер тартылады (адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, пробация қызметкерлері және т.б.).

Орталықтың басты мақсаты - азаматтарға ашық, жариялы түрде көмек көрсетіп, оларды әуре-сарсаңға салмай құқығын жедел түрде қорғау.

Анықтама үшін айта кетейік, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының  2017 жылдың 6 айындағы елдегі заңдылықты қамтамасыз ету бойынша мәлімет https://goo.gl/Gb2BPh сілтемесінде және осы аралықтағы жобаларының алдын ала нәтижелері жайлы толық ақпарат https://goo.gl/mWTJqy сілтемесінде орналастырылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары