Астандағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Рухани жаңғыру – мәдени даму жолы» деген тақырыпта еліміздің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесу болып өтті деп жазады Aikyn.kz.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараға еліміздің әр өңірінен 30 адам арнайы қонақ ретінде шақырылып, ажарлы Астана төрінде тоғысты. Олардың ішінде ақын-жазушылар, облыстық телеарна мен газет өкілдері, ардагер ұстаздар, мәдениет қызметкерлері бар. Әр өңірдің бетке ұстарлары десек болады. Жасы мен жасамысы аралас. Олардың ішінде М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов, ақын-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Аққұштап Бақтыгереева, Мәдениет қайраткері, сатирик-жазушы Табыл Құлияс,балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Сәуле Досжан, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов, журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төреғали Тәшенов бар және барлық облыстан лайықты өкілдер қамтылған.
Қонақтар алдымен Ұлттық академиялық кітапханаға экскурсия жасады. Кітапханадағы жалпы оқырман залынан бөлек бірнеше бағыттағы залдарды аралап көрді. Өздерімен ала келген кітаптарын кітапханаға сыйға тартты. Шілде айы болған соң шығар, бес қабатты алып ғимаратта кітап бетіне үңіліп, компьютерге тесілген оқырман саны кемшін. Академиялық кітапхананың өзгешелігі сонда, бұл – қазіргі тілмен айтқанда, заманауи жоғары технологиялы медиа орталық. Заман көшіне ілескен монорельстік транспорттық телелифт жүйесі барынша дамыған, осы жүйе негізінде кез келген тапсырыс берген кітабыңыз жарты сағаттың ішінде қолыңызға тиетін көрінеді. Жалпы, бұл орталық кітапханадан гөрі мұражайға көбірек келіңкірейді. Мырзатай Жолдасбеков, Зәки Ахметов, Дүкенбай Досжанов, Тұрсынбек Кәкішевтің жеке мұражай-кітапханаларына бір-бір бөлмеден бөлініпті. Олардың кітаптарынан бөлек тұтынған заттарына дейін қойылған. Меймандарға мұнда қатты ұнағаны Кітап мұражайы болды. Бұл жерден көне Құрандарды, ескі жазба ескерткіштерді, діни, шариғи әдебиеттерді қолмен ұстап, парақтап көруге болады. Терең подвалдың түбінде емес, әркім көріп тамашалай алатын қолжетімді жерде тұр. Бұл жерде 1807 жылы шыққан «Сейфілмәлік», 1909 жылы шыққан Абайдың тұңғыш кітабы, 1926 жылы шыққан Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпби де сақтаулы тұр. Осы кітапхананың жанында Мәдениет министрлігіне қарайтын Ұлттық қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығы да бар екен. Оны да аралап, ерекше әсерге бөленді.
Ұлттық академиялық кітапханада ИРСИКА ұйымдастырған «Ислам каллиграфиясы» атты көрменің өткізілуі осы сапарға орайлас келгені қуантты. Хұснихат өнері көрмесі Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатыр екен. Ата-бабамызға бұл өнер жат болмағанмен, көбіміз үшін таныс та бейтаныс тақырып. Ұйым осы жолы 30 шығарманы алып келіпті. Олардың барлығы халықаралық сайыстардың жеңімпаздарының еңбектері екен.
Іс-шараның ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ИТӨМҒО-ның (Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы) бас директоры Эрен Халит (Түркия), тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов, «Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғамының президенті Дархан Қыдырәлі және басқалар сөз сөйлеп, хұснихат өнерінің мән-маңызына, мұсылман халықтарының тарихында ерекше орны бар өнер саласы екендігіне тоқталды. Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы алдындағы тапсырмалардың бірі – Ислам конференциясы ұйымының әлемдік қоғамдық пікірі бойынша исламның шынайы бейнесін көрсету үшін ұмтылу, осы мақсатта орталық бүкіл адамзат тарихындағы ғылым, өнер және мәдениет дамыту мақсатында ислам дініне сай халықаралық жобаларды жүзеге асыру екені айтылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деген болатын.
Көрмеден соң кітапхананың кең залында өткен еліміздің шығармашылық ғылыми зиялы қауым өкілдерімен болған кездесу барысында ұлттық сана мен ұлттық бірегейліктің және бәсекеге қабілеттіліктің рухани жаңғырудағы рөлі, кітап және кітапхананың қоғам өміріндегі маңызы жөніндегі әңгімелер қозғалды.
Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева мен Ұлттық академиялық кітапхананың ғылыми хатшысы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов модератор болған келелі басқосуда мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, драматург, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов, «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамының президенті Дархан Қыдырәлі, ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Аққұштап Бақтыгереева, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов және басқалар сөз сөйлеп, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Олар ұлттық салт-дәстүріміз, музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, теледидарды жаулап алған арзан сериалдар, қазақ тілінің мәртебесі, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымызға қатысты нәрсенің бәрін қамтып сөйледі.
Басқосуда жазушыларды жылдар бойы толғандырып келген қаламақы жайы да қозғалды. Бұл сұраққа жауап берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Жазушылардың бұрын басылмаған жаңа шығармаларын сатып алуға бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Енді әр жанр бойынша 10 тақырыпқа конкурс жариялап, оның шартын сайтқа ілеміз. Конкурсқа кез келген автор бір номинация бойынша ғана қатыса алады. Олардың шығармаларына арнайы сарапшылар тобы қорытынды береді. Осылайша, ведмоствоаралық комиссия келіссе, конкурстан өткен авторға қомақты қаламақы төленеді», – деп жауап берді.
Кездесуден кейін, қонақтар EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін аралады. Кешке Астананың іргесіндегі Этноауылда қонақ болып, тұмса табиғат аясында Сарыарқаның саф ауасымен тыныстап, ризалық көңілмен тарасты.