Алматы облысын газбен қамту жұмыстарына 2013 жылдан бері баса назар аударылып келе жатыр. Өңірдегі барлық елді мекенді газбен қамту үшін барлығы 3300 шақырым газ желісі тартылуы керек. Бүгіндері осы жоспардың біразы іске асырылып жатыр. Мәселен, биыл Талдықорған қаласының орталық аумағының 22 пайызын көгілдір отынмен қамту жоспарланған деп жазады Egemen.kz.
Сонымен бірге, облыс орталығының шығысына, Өтенай ауылдық округіне, оңтүстік-шығыс және солтүстік аумақтарға газ желісі тартылады. Бұл жұмыстар ойдағыдай орындалса, жыл соңына қарай жоспардағы 22 пайыз ғана емес, қала тұрғындарының жартысы көгілдір отынды пайдалана алады деген сөз.
Талдықорған қаласына газ құбырларын тарту жұмыстары төрт кезең бойынша орындалады. Алғашқы кезекте «Қаратал» шағын ауданы, Абылай хан, Жансүгіров, Гауһар ана көшелерінің бойындағы, облыстық аурухана, автобекет және орталық базардың маңындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлер, «Талдықорған» индустриялық аймағы мен Оңтүстік өндірістік аймақ газ желісімен қамтылады. Екінші кезекте «Самал», «Жастар» шағын аудандары мен Қабанбай батыр, Чкалов, Белов, Шевченко көшелерінің бойындағы жеке және көп қабатты тұрғын үйлерге газ жеткізіледі. Үшінші кезекте Өтенай және «Шығыс» шағын ауданы мен Жансүгіров, Алматы, Тілек Әбжалиев көшесінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Соңғы кезекте Еркін, Көктал ауылдары мен қала маңындағы саяжайлар газдандырылады.
Бүгінге дейін Талдықорған қаласына газ желісін тарту жұмысы белгіленген жоспар бойынша орындалған. Демек, биылғы жоспардың уақтылы орындалатынына сенім мол. Айталық, өткен жылы қаланың орталық аумағының – 23, шығыс аумақтың – 17, Өтенай селолық округінің – 7, Еркін селолық округінің – 20, оңтүстік-батыс аумақтың – 11, солтүстік аумақтың – 22 пайызына газ тартылған. Биылғы жоспар бойынша қаланың орталық аумағының – 22, шығыс аумақтың – 15, Өтенай ауылдық округінің – 13, оңтүстік-шығыс аумақтың – 13, солтүстік аумақтың – 27 пайызына газ желісі жеткізіледі. Демек, жыл соңына қарай қаланың 50 пайыздан астамы көгілдір отынмен қамтылады.
Келісімшартқа орай, газбен қамтуды міндетіне алған мекемелер газ құбырын әр үйдің қақпасына дейін жеткізіп беруге міндетті. Одан арғы жұмыстар мен оның шығыны тұрғындардың өзіне тиесілі. Сырттағы газ желісін үйге енгізуге қатысты жұмыстарды үй иелері өз қаржысымен атқарады. Іргеден өтіп жатқан қолжетімді газды қол созым жерге тартып алу кім-кімге де қиындық туғыза қоймайтыны анық.