$ 441.66  475.14  4.86

«Рухани жаңғыру» аясында киелі жерлердің тарихы зерттеледі

Әрбір елде халықтың өзіне тән киелі орындары бар. Ағылшындар басты храмы – Кентерберий ғибадатханасын мақтан тұтса, немістер Кельндегі рим-католик готикалық соборын, француздар Нотр-Дам-де Париді ұлық етеді. Қазақ елінде де мақтаныш ететін қасиетті орындар жеткілікті. Атап айтсақ, ежелгі Тараз, Ұлытау, Түркістан, Сайрам, Алтай, Жетісу өңірлері және Бекет-Ата кешені. Осындай қасиетті орындарымызды әлем халқына танытумен қатар еліміздің болашағы жас ұрпаққа тереңірек таныстыру маңызды.

Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы ежелгі, тарихи, киелі орындарымен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы екенін, оның пайда болу тарихы арқылы біз өткен тарихымызды, мәдениетімізді білетініміз­ді шетелдік туристерге, студенттерге дәріптеудің де берері мол. Бұл орайда арнайы саяхат ұйым­дастырудың ұлттық салт-дәс­түрімізді, әдет-ғұрпымызды құр­меттеуге тәрбиелеуде алар орны ерекше. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама­лық мақаласында еліміз бен жеріміз­ді, тарихи мол мұраларымызды сақтап қана қоймай, келешек ұрпақ кәдесіне жарату, сонымен бірге бүкіл әлемге таныту мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу қажеттігін ұсынғаны мәлім. Осы тарапта атқарылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлерінің, географиясы» жобасы елімізді танытуға тың серпіліс берері дау­сыз. Осы арада айта кетелік, бағ­дар­ламалық мақала шеңберінде жер­гілікті атқарушы органдарға тап­сырылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың өкімімен қоғамдық сананы жаң­ғырту бағдарламасын іске асыру аясында өңірлік комиссия құрылып, олардың жанынан жұмыс топтары жасақталған болатын. Аталған жоба аясында облыстағы қасиетті, киелі жерлердің тізімі анықталып, олардың өңірлік картасы дайындалды. Қазіргі таңда облысымызда тарихи-мәдени маңызы бар 1281 ескерткіш есепке алынған. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне 2003 жылы Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» сәулеттік ескерткіші енгізілген. Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы тарапынан атал­ған тізімге енгізуге ұсынылған 23 ескерткіштің ішінен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 8 ескерткіш бар. Олар: Жуантөбе, Қараспантөбе, Күлтөбе, Сидақ, Сауран ежелгі елді мекендері, Бөріжар қорымы, Отырар оазисінің ескерткіштері, Түркістан қалашығы деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Иә жоғарыда айтып өткені­міздей, Оңтүстік Қазақстанда киелі жерлер көп. Қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенесі осы аймақта орналасқан. Арыстан баб кесенесі жанында емдік қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар. Мұсылмандар Түркістан қаласын екінші Мекке ретінде санайды. Ал Сайрам ауылындағы Қарашаш ана кесенесі – ХІХ ғасыр сәулетінің тарихи ескерткіші. Кесене Қожа Ахмет Ясауи­дің анасына арнап салынған. Тарихи деректерге жүгінсек, Ясауидің анасы Қарашаштың шын есімі – Айша бибі. Өте білімді әйел болған. Медресе ашып, қыз-келіншектерді жинаған, оларға ілім-білім берген, Құранды араб тілінен түркі тіліне аударған. Жалпы, ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырыс­ты. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік арманына айналды. Қарашаш ана кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың мұндай типі кейінгі  орта ғасыр дәуірінде Оңтүстік Қазақстан аумағында кең таралған. Бастапқыда ХІІІ ғасырда салынып, кейіннен уақыт және табиғи жағдайлардың ық­палымен әлденеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынды. Сондай-ақ, Сайрамда Ибраһим ата кесенесі бар. Сайрам ауылының шетінде биік төбеде орналасқан. Ибраһим ата – Қожа Ахмет Ясауидің әкесі, діни көсем әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған. XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату ошағы болды. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Ал Түркістан қаласындағы 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі XIX ғасырдың соңына қарай тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастағаны мәлім. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Ясауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 

Иә, тізе берсек тереңірек таныстырар киелі орындар көп. Дегенмен, бүгінде мамандар Оңтүстікте қанша киелі, қасиетті орын бар деген сауалға нақты жауап іздеуде. Себебі, өңірдің әр ауданында аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен ескерткіш, кесенелер көп. Жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасын жасау үшін сарапшылар тобы іске кіріскен. Біздің өңірден осы жобаның негізіне 20 киелі орынның тізімін нақтылап, ұсыну қажет. Осы орайда, жуырда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жиналған азаматтар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Арнайы құрылған жұмыс тобы бұған дейін облыста «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына 100 орынның тізімін берген екен. Жергілікті өлкетанушылар мен жазушы, ғалымдар мұны азсынып отыр. Сондай-ақ, жергілікті өлкетанушылар өңірдің қасиетті орындарын нақтылап, тізімді іріктеуге 1-1,5 ай уақыт аздық етеді дейді. Оның үстіне археологиялық, кешенді тарихи ескерткіштерден бөлек киелі орындарды анықтауда алдымен экспедиция жұмыс істегені пайдалы деп есептейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары