$ 444.22  476.38  4.82

Латын әліпбиінің негізгі нұсқасы жыл соңына дейін дайын болады

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру идеясын Елбасы бүгін көтеріп отырған жоқ. Бұл бастама осыдан бірнеше жыл бұрын Президенттің өз аузымен айтылған болатын. Ал, жобаны жүзеге асыратын уақыт бүгінгі күнге тура келіп отыр. Яғни, идея әбден талқыдан өтіп, пісіп-жетілді.

Мұны Мемлекет басшысының биыл сәуірде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан түсіндік. Нұрсұлтан Әбішұлы аталған мақалада 2025 жылға дейін еліміздегі барлық ресми құжаттар, кітаптар, БАҚ өкілдері латын қарпінде жазылуы тиіс екенін айтты. Артынша елімізде латын әліпбиіне көшуге байланысты арнайы комиссия құрылып, латын әліпбиінің түрлі нұсқаларын іріктей бастады.

Міне, бүгінде осы жұмыс өз соңына жақындаған секілді. Аталған комиссия мүшесі – ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев латын әліпбиінің қазақша нұсқасының дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін Үкімет үйінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік және білім салаларында жүзеге асырылуына арналған брифингте айтты.

«Бұл маңызды жоба болғандықтан барынша абай болу қажет, қателіктерге бой алдырмау керек. Ағымдағы жылы жасалуы тиісті мәселе – бұл көңілге қонымды барлық әріпті қабылдау. Бірнеше нұсқа әзірлеп, оны талқылап, әліпбиді қабылдау қажет. Содан кейін латынға көшу жұмыстарының жоспарын түзу керек. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып жұмыс істеп жатыр», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдеген болатын. Одан кейін ағымдағы жылдың сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобанының ішінде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керектігін көтерген еді.

«2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.  Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», - деп атап өткен еді Елбасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары