$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда тау туризмін дамытуға барлық жағдай қарастырылған

Алматы туристерді аспанмен таласқан биік тауларымен, көз тартар табиғатымен қызықтырады. Сондықтан болар, Алматы дегенде Медеу мен Шымбұлақ сөзі қатар айтылады. Мегаполистегі тау туризмін дамыту мәселесі бүгінгі таңда күн тәртібінде тұр. Мәселен, «International Mountain Sports Festival» фестивалі аясында өткен халықаралық форумда қала туризмін дамытатын негізгі мәселелер талқыланған болатын.

Worldwide Costof Living рейтингінде Алматының өмір сүру мен жұмыс істеу үшін жайлы әрі арзан қала екендігі айтылған. Қай жағынан алып қарасақ та, мейлі табиғи-географиялық, мейлі геосаяси жағынан болсын, Алматы тау туризмін дамытуға ең қолайлы аймақ саналады.

«Мемлекет басшысының тұрақты қамқорлығы арқасында Алматыда заманауи спорттық инфрақұрылым қалыптасты, соның арқасында түрлі деңгейдегі спорттық шаралар өтеді. Биыл біз қалада Бүкіләлемдік қысқы студенттік ойындарды өткіздік, бұл мегаполисті әлем жұртына қысқы туризмнің халықаралық орталығы ретінде көрсетіп, бұқаралық спортты дамытуға әрі спорттық ірі жетістіктерге жетуге тың серпіліс берді», - дейді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

2017 жылдың бірінші тоқсанында мегаполиске сырттан 200 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қонақтар санының 18%-ға артқанын көрсетеді. Ал оның 24%-дан көбі шетелдік меймандар екен. Осыған сәйкес, қонақүйлерде көрсетілетін қызмет түрі 18%-ға көбейіп, келер пайда 20 млрд. теңгеге жеткен. Әрине, қала бойынша медициналық, спорттық, мәдени-танымдық, экологиялық, іскерлік, гастрономиялық туризм түрлері де дамып келеді. Қазір Алматыда 166 мейманхана, хостелдер, кемпингтер, 2 мыңнан аса кафе, 19 театр, 20 мұражай, 14 көркем галерея мен көрме бар. 569 туристік ұйым құрылған. Десек те, тау туризмінің орны ерекше.

Оған қатысты «Алматы – жаңа бастаулардың қаласы, біздің тау-шаңғы туризмін дамыту үшін мүмкіндіктеріміз бар, барлық жағдай қарастырылған. Сондықтан, Андорра немесе өзге мемлекеттер сияқты оны дамытуымыз керек», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев халықаралық тау форумында.

Сонымен қатар, «Халықтың 10%-ы – маусым барысында бес рет 200 мың адамнан шипажайға келсе, бұл миллион! Ал, бұл Қазақстанның өзге өңірлерін есептемегенде, алматылық агломерация тұрғындары ғана. Мұндай ұтымды алғышарт тіпті әлемде де жоқ. Сіздердің тауларыңыз қанша жерді алып жатыр? Бұл бір миллион пайызға жуық. Мен туризмді дамыту ісін көпшілікке кеңінен насихаттау қажет екенін атап өткім келеді, соның арқасында қала экономикасы да артып, жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Ресей спортшылары мұнда келе ме? Әрине, қуана келеді. Мен өзім сіздердің қалаға алғаш рет келіп отырмын. Бұрын Шымбұлақ туралы естігенмін. Сіздердің тауларыңызға ғашықпын», - деді Санкт-Петербург фристайл Федерациясының вице-президенті Виктор Тимаков халықаралық тау форумында.

Тау курортын дамытудағы басты факторлардың бірі – Алматының ірі мегаполис болуы. Бұл туралы Автриядан келген Warth тау шаңғысы курорты мен Warth Holding GmbH туристік басқармасының бас директоры Гюнтер Оберхаузер де айтты.

Негізінен Алматы облысындағы тау жүйелері мен Солтүстік Тянь-Шанның Іле, Жетісу және Күнгей Алатау таулы жоталары тау туризміне қолайлы. Айта кетейік, былтыр «Медеу» табиғи саябағының инфрақұрылымы бюджеттен тыс қаражат арқылы жаңартылды. Ал жоспар бойынша саябақ аумағындағы  мүсіндер, тарихи нысандар қайта қалпына келтірілді және қосымша туристік бағдарлар енгізілді. Экологиялық ортаға зиянды әсерін азайту үшін саябақ аумағына автокөліктердің кіруіне шектеу қойылды.

Жалпы қазіргі уақытта туризмге республикалық деңгейде көңіл бөлініп, бірнеше ауқымды шаралар басталып та кетті. Себебі, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 86-87-қадамдары осы туризм саласын дамыту мен туған елді көркейту мәселелеріне арналғаны баршамызға белгілі. Бұл міндеттер бойынша Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы, атап айтқанда «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер», «Алтай інжулері», «Ұлы жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпасы» өңірлік мәдени-туристік кластерлерін құру ісі жүзеге асырылмақ. Қазір осы міндеттер негізінде кезең-кезеңмен жоспарлар орындалып жатыр. Әлеуметтік-мәдени, этникалық, медициналық туризмді дамытуға баса назар аударылып, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын насихаттауға мүмкіндік жасалып келеді.

Ал 87-қадам негізінде «Қазақстан энциклопедиясы» кең көлемді интернет жобасы құрылды. Ол бойынша ел азаматтары мен туристерге Қазақстан туралы кеңірек ақпарат беріліп отырады. Ол ақпараттардың барлығы арнайы порталға жиналады. Яғни, біздің елімізді таныстыратын арнайы интернет жоба жасалу үстінде.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары