Астананы газдандыру жобасының құны 260 млрд. теңгеден асады және оны қаржыландыруда бірқатар қиындықтар туындауда. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді деп жазады ҚазАқпарат.
«ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы техникалық-экономикалық негіздеме дайындады. Бұл негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның маршруты Қызылорда облысынан басталады және Астанаға дейін Қарағанды облысы арқылы ұзындығы 1800 шақырым газ құбырын тарту жоспарланған. Оның қуаттылығы жылына 3 млрд. кубты құраса, бағасы 260 млрд. теңгеден асты», - деп атап өтті Қ.Бозымбаев.
Министрдің айтуынша, Астананы газдандыруда қаржылық қиындықтар туындаған және министрлік жобаға инвестор тарту бойынша жұмыс істеп жатыр.
«Астананы газдандыру мәселесін жан-жақты талқыладық және арнайы Үкіметке жібердік. Бірінші вице-премьер бұл мәселені қарап жатыр. Бір ғана қиындық, Қазмұнайгазда кредиттік ресурстарды алуға мүмкіндік жоқ, себебі ондағы кредиттік жүктемелер өте жоғары. Сондықтан аталған мәселені «ҚазТрансГаз», «ҚазМұнайГаз» арқылы шешілуде, қаржыландыруда қиындықтар туындап жатыр. Ал біз басқа инвесторларды тартуға әрекеттеніп жатырмыз», - деді ол.