$ 498.51  522.84  4.81

Тамара Елгелдиева: «Қазақстан маған жетістікке жетудің кілтін ұсынды»

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Кез келген ұлт өкілі Қазақстанды өз Отаны санап, жетістікке жету жолын Қазақстанмен байланыстырады. Мәселен, Алматы қаласындағы «Стругураш» молдаван этнобірлестігінің төрайымы Тамара Николайқызы Елгелдиева «Қазақстан маған жетістікке жетудің кілтін ұсынды» дейді.

Жалы елімізде молдавандардың саны он төрт мыңнан асады. Алматы қаласында бес мыңнан аса молдаван халқының өкілі өмір сүріп келеді. Тамара Николайқызы Елгелдиева 1963 жылы Молдова Республикасында өмірге келген. Молдова ұлттық мектебін, кейіннен Алматы қаласында Техникалық университет филиалын бітірген екен.

2000 жылдан бері Қазақстандағы румын-молдавандар Ассоциациясы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді. Ал 2006 жылы «Стругураш» молдаван этнобірлестігінің төрайымы болып сайланады. «Стругураш» молдаван этнобірлестігі ұзақ жылдар бойы мемлекеттіқ қолдау арқылы молдаван тілі мен салт-дәстүрін сақтап қалуға күш салып келеді. Диаспора мемлекеттік және өздерінің ежелгі ұлттық мерекелерін қалдырмай атап өтеді. Орталықта молдаван тілін үйрететін арнайы курстар жұмыс істейді. Өзге ұлттарға дәстүрлерін таныстырады. Тарихын қайта жаңғыртуға мән береді.

Тамара Елгелдиеваның этносаралық қарым-қатынасты нығайтып, қоғамдық тұрақтылықты сақтауда, мемлекетіміздің ұлттық саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесін атап өтуге болады. Ол этнобірлестік жұмысын халықтар достастығын сақтап, түрлі ұлт өкілдерінің өзара тіл табысып, танысуына бағыттап отырады.

«Әсіресе, этнобірлестік пен мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуға, жақсартуға көңіл бөлемін.  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың белгілеп берген стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруға барымызды саламыз. Ұлттық бірлікті нығайту, жас ұрпақ бойына патриотизмді дарыту жолында еңбектеніп келеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын халыққа түсіндіру жұмыстарында белсенділік танытамыз. Себебі, әрбір Жолдау болашаққа бастар жолды көрсетіп береді», - дейді Тамара Елгелдиева.

Тамара Николайқызы «Алматы қаласының көшбасшы әйелдері» кітабының кейіпкері. Оны туыстары мен жақындары ақжарқын, белсенді адам ретінде сипаттайды. Республикалық ұлтаралық татулықты, достықты насихаттайтын мерекелер мен іс-шаралар өткізуден бір шаршамайды дейді. Мәселен, ол жыл сайын Наурыз мерекесін өткізуді дәстүрге айналдырған.

«Молдаван мен қазақ халқы ұқсас. Екеуі де қонақжай. Бауырмал. Екі халықтың көктемгі Наурыз бен «Мэрцишор» мерекелерін ерекше атап өтеміз», - дейді Тамара Николайқызы.

Тамара Елгелдиеваның отбасы Қазақстанға ұқсас. Көпұлтты. Өзі молдаван халқының өкілі, күйеуі – қазақ. Отыз жылдан бері қазақ отбасының келіні бола жүріп, қазақ халқының барлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бес саусындай біліп алған. Үш ұлына қазақы тәрбие беріп, қазақы дәстүрден аттап кетпейді екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары