$ 498.51  522.84  4.81

Зейнетақы қоры жүйесіне тағы да реформа қажет пе?

Бірнеше жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметіне «2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді» тапсырған болатын. Оған қоса, «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: Жаһандық бәсекеге қа­білеттілік» атты биылғы Жол­дауында Үкіметке Қазақстанның инвестициялық стратегиясын дайындау туралы тапсырма берген еді.

Ресми дерек бойынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық табысы 206 млрд теңге болған. Мемлекеттік құнды қағаздар, еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары зейнетақы активтерінің негізін құрап отыр. Мәселен, табыстың 42 пайызы мемлекеттік құнды қағаздардан келсе, квазимемлекеттік ұйымдардың облигациялары табыстың 11 пайызын жабады екен. Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағының жалпы көлемі шілде айында 7,1 трлн теңгеге жетіпті. 2016 жылмен салысырсақ, бұл 458 млрд теңгеге көп. Соңғы уақытта зейнетақы салымдарының кірістілігін арттыру үшін зейнетақы қаржыларын инвестициялау тәсілдерін қайта қарастыру жайы жиі сөз болып жүр. Бәрімізге белгілі елімізде зейнетақымен қамтамасыз ету 3 деңгейлі жүйемен жүзеге асырылады: базалық, міндетті және ерікті зейнетақы жарналары. Базалық жүйе мемлекеттік бюджетке тәуелді.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев БЖЗҚ-дағы қара­жатты жаңа принциптер бойынша жеке компаниялардың басқа­руына беру туралы Үкіметке нақ­ты ұсыныстар жіберген болатын. Яғни, бұл жүйе бойынша салымшыға таңдау мүмкіндігі беріледі. Зейнетақы активтері салымшы таңдауына байланысты жеке компанияларға аударылып отыратын болады. Ал олардың қызметін Ұлттық банк бақылап отырады.

Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев: «Біз әр адам зейнетақы жинағын басқаратын компанияны өзі таң­дауы үшін бәсекелестікті қайта қалпына келтіру керек деп есеп­тейміз. Сонда ол өз қаржысын қай­да салу керегін де таңдай алатын болады. Егер оған Ұлттық банк ұнамаса, жеке компанияға кете алады. Бұл біз ұсынып отыр­ған базалық принцип», – деген болатын Астана экономикалық форумы аясында.

Ал Ұлттық банктің экс-басшысы Қайрат Келімбетов «Біріншіден, қор нарығы қажет, бізде ол енді ғана дамып келеді. Сондықтан қара­жатты жеке компаниялардың немесе мемлекеттің басқаруында ешқандай айырмашылық бол­майды. Себебі, мемлекеттік құн­ды қағаздардан басқа зейнетақы қаражатын инвестициялайтын жер жоқ. Оған инвестиция жасау үшін комиссиясы жоғары жеке компанияларға жүгінудің қажеті жоқ» деген пікірін білдірген еді.

Мақсат Халық, экономист-сарапшы:

- Қазіргі таңда зейнетақы қорының жағдайы жақсы дей алмаймыз. Себебі бір жылдың ішінде оған қатысты бір емес екі рет даулы жағдай болды. Әзірбайжан банкінен аударылған қаражатты дұрыс игере алмады. Бұл мамандар сауаттылығының әлі де болса деңгейі төмен екенін көрсетеді. Кейбір экономист-сарапшылар қайтадан бірыңғай зейнетақы жүйесінен жеке секторға таратып беріп, жеке секторды қайта жандандыруымыз керек деген пікір айтады. Ал мен бұл пікірмен толық келіспеймін. Жеке сектордағы зейнетақы қорлары нашар жұмыс істеді деген сөз емес бұл. Алайда, олардың басты мақсаты табыс табу болды, қызметкерлеріне жоғары айлық белгіледі. Кейіннен 490 қызметкер жұмыста босатылып, үнемдеу шаралары жүргізілген болатын. Біздегі зейнетақы қорының кемшін тұсы – оның бірыңғай болуында. Бірнеше зейнетақы қоры болатын болса, оларда өзара бәсеке басталады. Сапа жақсарады, тиімділік артады. Ал зейнетақы қорының бүгінгі таңдағы басты артықшылығы – жауапкершілік мемлекетте. Қаражаттың сақталуы мен өсіміне тікелей жауапкершілік алды. Ал зейнетақы қорына деген халық сенімі артуы үшін ашықтық керек. Қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы халыққа боямасыз ақпарат қажет. Нақты есеп жүргізіліп, кезең-кезеңімен халыққа оны түсіндіріп отырса, артық сұрақ туындамас еді.

Зейнетақы жүйесі мен зейнеткерлер жағдайы Елбасымыздың жыл сайынғы жолдаулары мен арнайы бағдарламаларынан тыс қалған емес. Соның бірі «100 нақты қадам» ұлт жоспары. Ол – ішкі сын-қатерлерге жауап беретін, сонымен қатар, жаңа тарихи жағдайда дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі ұлт жоспары. Мұнда әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар мен зейнеткерлерге әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты арнайы тапсырмалар берілген. Оған қоса, ҚР президентінің биылғы жылғы жолдауына сәйкес, Қазақстанда жұмыс берушінің қосымша 5%-дық міндетті зейнетақы жарналарын белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамы енгізіледі. Жұмыс беруші өз есебінен 5%-дық міндетті зейнетақы жарналарын аударған қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамның қатысушылары болады. Яғни, бұл жарналар азаматтардың меншігі болып есептелмейді және әрбір қызметкердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған шартты зейнетақы шотында тіркеліп отырды. Міндетті салымдар есебінен зейнетақы төлемдеріне құқық атына шартты зейнетақы шоты ашылып, кемінде 60 айға жарналар аударылған жағдайда зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға, сондай-ақ, мүгедектік мерзімсіз болып белгіленген I және II топтардағы мүгедектерге беріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары