Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғанына да 4 айдан астам уақыт өтті. Елбасының бұған дейінгі жолдаулары елдің экономикасын дамытуға бағытталса, бұл жолғы еңбегі идеологияны жандандыруға арналып отыр. Яғни, қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделген.
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Елбасы өзінің мақаласында 6 басым бағытты айшықтап берген болатын. Солардың бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеу» жобасы. Бұл бағдарлама тарихымызды жаңғыртумен қатар, рухани құндылықтарымызды «тірілтуді» мақсат етеді.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» асындағы осынау жобаны жүзеге асыру мақсатында ҚР Президенті әкімшілігі жанынан аранйы жұмыс тобы құрылып, әр облыстан ұсыныстар қабылдап жатыр. Ұсыныстар іріктеліп болған соң киелі орындардың картасы әзірленеді. Бүгінге дейін аталған жұмыс тобына 600-ден астам ұсыныс келіп түсіпті. Бұл туралы күні кеше Қоғамдық сананы жаңғыртуды жүзеге асыру мақсатында құрылған комиссияның үшінші отырысында айтылды. Комиссияға ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жетекшілік етеді.
Бұл ұзақмерзімді жоба болғандықтан ғалымдар тарапынан әлі де болса зерттеу жұмыстарын қажет ететіні түсінікті. Яғни, ұсыныс жіберместен бұрын киелі орындардың тарихын ғалымдар зерттеуі тиіс. Осындай зерттеу жұмыстарымен бүгінде Қазақстан мұсылмандарының бұрынғы мүфтиі, шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі айналысуда. Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар алқабын зерттеуін қайта жандандырды. Бұл туралы ғалым ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуі барысында мәлімдеі.
Басқосуда тараптар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жөнінде әңгімелесіп, Оңтүстіктің тарихы, әдебиеті мен мәдениет, ұлттық бірігуі жайлы сөз қозғады.
Руханият саласында талай жылдардан бері түрлі зерттеулер жүргізіп келе жатқан әдебиет зерттеушісі облыс басшысын соңғы уақытта жарыққа шыққан еңбектерімен таныстырып, Оңтүстікке қатысты шығармалар топтамасын ұсынды. Оннан астам тарихи-филологиялық зерттеулер мен эсселердің, очерктердің авторы Ә.Дербісәлімен болған екеуара әңгімеде өңір басшысы ғалымның болашақ ұрпақ үшін үлкен іс атқарып жүргенін айтты.
Шығыстанушының зерттеуінше, барша тарихшылар айтып жүргендей Қожа Ахмет Яссауи Түркістаннан шыққан ең алғашқы ғалым емес, одан 100 жыл бұрын Абдулла Әли Яссауи атты оқымысты дүниеден өткен екен. Яғни, бұл азамат 1094 жылы қайтыс болған деп болжайды Әбсаттар қажы. Сонымен қатар, ол Үндістанның Кашмир қаласынан Яссауи бабамыздың 5-6 ұрпағын тауыпты. Испания астанасы Мадридтен де Яссауиге қатысты тарихи жәдігер – Яссауи трактатын тапқан жазушы қазіргі Сайрам ауданынан шыққан үш оқымысты – Низамиддин әз Сайрами, Әбдірахман әз Сайрами, Сайфаддин әз Сайрами есімді ғалымдардың еңбектерінің көшірмесін алыпты. Бұл жаңалықтары туралы халықаралық үлкен басқосуларда баяндап жүрген ғалым бұл мәліметтер түп-тұқиянымыздың тереңдігін нақтылауда болашақ ұрпақ үшін өте құнды дүние деп біледі.
Сонымен бірге, өз сөзінде, ежелгі Отырар қаласынан 30 Фарабидің шыққанын алға тартқан Ә.Дербісәлі Қазақстанның әрбір қаласы, соның ішінде Оңтүстіктегі әрбір шаһар терең тарихи сырды қойнауына бүгіп жатқанын меңзейді. Демек, алаштың дархан даласы қазына, байлығынан бөлек, рухани байлығы тасыған мекен екенін өз еңбектерімен тағы бір дәлелдеген шығыстанушы келешек ұрпақ үшін әлі де ізденуден талмайтынын жеткізді.
Жазушының еңбектерімен танысқан Жансейіт Қансейітұлы шығыстанушының Оңтүстікке қатысты еңбектерін жергілікті басылым беттері мен жеке баспаларда жариялап, ұлттың рухани байлығын толықтырып, оны көтеру жөнінде жауапты басшыларға тапсырма берді. Өз кезегінде, Әбсаттар Бағысбайұлы бұл нұсқауды Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласындағы тапсырмаларын жүзеге асыруда жақсы бастама екенін тілге тиек етті.
Одан соң, шығыстанушы Оңтүстіктің белсенді жастарымен кездесіп, руханият саласында пікір алмасты.