$ 448.15  483.46  4.86

«Туған жер» бағдарламасы оралдық жастардың көңілді демалуына жағдай жасады

Елбасының сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы елдегі идеологияны дамытуға ғана емес, ауылды жерлердің әлеуетін арттыруға да бағытталғаны белгілі. Мақаладағы басым бағыттардың бірі саналатын «Туған жер» бағдарламасы осы міндетті жүзеге асыратын негізгі құрал. Анығын айтқанда, аталған бағдарлама аясында елге танымал азаматтар мен қалталы кәсіпкерлер өздері туып-өскен ауыл-аймаққа жағдай жасап, тұрмысын түзеуге атсалысулары қажет.

Бүгінде «Туған жер» бағдарламасы еліміздің барлық облысында жүзеге асып жатыр. Әркім қолынан келгенше өз ауылына көмек қолын созып, «Рухани жаңғыруға» өздерінше атсалысып келеді. Мәселен, ірі кәсіпкерлер мектеп пен балабақша салса, өзгелері сол ғимараттарға қажетті жабдықтарды сатып алуда. Сондай-ақ, ауылішілік жолды жөндеп, елдімекенді көгалдандырумен айналысып жатқан жандар да жетерлік.

Ал, Орал қаласында «Туған жер» бағдарламасы аясында балалардың жазғы демалысы ұйымдастырылып келеді. «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде оқушылар 6 ауысым бойынша демалуда.

Оралдағы «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде әр жаз сайын балалар алты ауысымда демалады. Таяуда мұнда «Жас патриот» деп аталатын соңғы ауысым тынығушыларын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған ауысым демалушыларын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов пен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің өкілі Салтанат Тұманбаева құттықтады.

- Бүгін сіздердей еліміздің отансүйгіш жастарымен кездескеніме өте қуаныштымын. Отанға деген махаббат туған жерді танып-білуде көздеген көптеген қызықты іс-шаралар өтетін осы «Еуразия» секілді балалар кешендерінен бастау алады деп есептеймін. Үйлеріңе қайтқаннан кейін демалыста алған әсерлеріңді, туған жер туралы естіген-білген мағлұматтарыңды достарыңмен бөліседі деп сенемін, – деді Б.Нарымбетов өз сөзінде.

Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Фиктор Фомин атап өткендей, тынығушы ұландар «Самал» туристік лагеріне екі күндік жорыққа шығып, одан кейін әйгілі Шалқар көлінде шомылмақ.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жас ұрпақтың жаңаша сана-сезімін қалыптастыруға бағытталған аса маңызды бағдарламалық құжат. Онда туған өлкені тану ерте жастан басталуы керектігі өте дұрыс айтылған. Өкінішке орай, кейде біздің ұландар өзі туған өңірдің емес, өзге елдің тарихын жақсы біліп тұрады. Мұндай олқылықты болдырмау үшін «Еуразия» орталығында Батыс Қазақстанның тарихын ғана емес, сонымен қатар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін де терең таниды. Биыл турбаза ауласына балалардың күшімен ағаштың 70 түрі отырғызылды-деді В.Фомин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары