Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2010 жылы Қазақстан үкіметі «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» қабылдаған болатын. Мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, 2020 жылға дейін қазақ тілінде сөйлейтін қазақстандықтар санын арттырып, құжат айналымын толыққанды қазақшалау. Сонымен қатар, аталған бағдарлама еліміздегі 100-ден асатын диаспора тілдерін де дамытуға септігін тигізуі тиіс.
Бүгінгі таңда аталған бағдарламаның жүзеге аса бастағанына алтыншы жыл болды. Осы уақыт аралығында үкімет тарапынан қазақ тілін дамытуға арналған түрлі іс-шаралар мен жобалар жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясынын кеңейгенін Қазақстан мектептеріндегі қазақтілді сыныптардың күрт артуымен айғақтай аламыз. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, соңғы уақытта ҰБТ тапсыратын мектеп түлектерінің 80 пайызға жуығы қазақ тілін таңдайды екен. Яғни, қазақ тілінің болашағы үшін алаңдайтын кезеңнен өттік.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 2020 жылға қарай қазақша сөйлейтін қазақстандықтар саны 80 пайызға жетуі керек деп баяндамаларының бірінде айтып қалған болатын. Бүгінде Елбасының бұл тапсырмасы жүзеге асуға жақын.
Мемлекеттік тілдің өрісін әсіресе мемқызметкерлер арасында дамыту маңызды. Өйткені, жаңа заңдарды әзірлейтін де, түрлі құжаттар айналымымен жұмыс істейтін де осы мемлекеттік қызметкерлер. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін еліміздің барлық облысында тілді дамытуға арналған түрлі байқаулар өтіп отырады. Солардың бірі күні кеше Алматыда «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген атаумен өтіп, мәресіне жетті.
Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, қазақ тілінің қолданылуын дамыту мақсатында өткен байқауға Алматы қаласындағы мемлекеттік басқару органдары мен мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Олар өздерінің тілді меңгеруге деген қызығушылықтарын, жан-жақты дамығандығын, бәсекеге қабілетті тұлға екендіктерін, тіл мәдениетін толық меңгере алғандықтарын көрсетті. Байқауға қатысуға тілек білдіріп, тиісті аудан әкімі аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өтініш берген сайыскерлер аудандарының намысын қорғады.
Байқаудың қазылар алқасы құрамына белгілі тілшілер, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аударма ісінің кәсіби білікті оқытушылары енді. Әділқазылар алқасының құрамында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкері Оспанова Ақтоты Құдайбергенқызы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ф.ғ.к., доцент, «Senim Group Consulting» ЖШС, Алматы қаласындағы мемлекеттік басқару органдарында қазақ тілінің оқытушысы Шаһарман Гүлжиян Пішенбайқызы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, «Тұлға психологиясы» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Исабекова Төлеш Шакетайқызы болды.
Қазылар алқасы қатысушыларға берілетін тапсырмаларды әзірлеп, бағалау парақтарының үлгісін белгіледі. Бұдан өзге қатысушылардың өнерлері мен жауаптарын тыңдап, бағалау парақтарын толтырды. Тапсырмаларды орындау деңгейін бағалады. Сайыс соңында ашық дауыс беру арқылы байқаудың жеңімпаз топтарын анықтады. Қалалық байқауда І орынды Бостандық ауданы әкімдігі иеленіп жеңімпаз атанды. IІ орынды Алатау ауданы әкімдігі иеленсе, ІІІ орынға Наурызбай ауданы әкімдігі ие болды.
Елі мен жерін сүйген азаматтарды өз тілін құрметтеп, бағалай білуге жетелейтін сайыс қатысушылардың көңілінен шықты.