$ 498.55  524.28  4.75

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі

Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сонау көне заманнан қалыптасқан ұлттық келбетімізді сақтай отырып, қазіргі жаһандық өзгерістермен бірге өзімізді, ұлттың ой-санасын өзгерту арқылы алға басуымыздың алғышарттары атап көрсетілді.

Рухани кодымыздың негізгі тұғыры, ұлттың күллі қастерлі ұғымдарын, қасиеттерін бойына жиған өзегі тіл болып табылады. Ұлттық кодымызды сақтауды тілді сақтап, қолдану ауқымын кеңейтуден бастауымыз керек. Көп тіл білу – ­заман талабы. Ал мемлекеттік тіл – ел бірлігінің басты факторы.

Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты өлкемізде 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Олардың мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше. Этномәдени бірлестіктердің жанында жұмыс істейтін кешкі мектептерде этностардың өздерінің тілімен қатар қазақ тілі де оқытылады. Этнос жастары арасында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту әрі көркем әдебиетті насихаттау мақсатында «Абай оқулары», «Мақал – сөздің мәйегі» және көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқаулары мен тілдерді оқытуға арналған семинарлар, семинар-кеңестер ұйымдастырылып келеді. Бүгінде облыста мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 91 пайызға жетіп отыр. Өңірдегі өзге этнос өкілдері тұратын елді мекендерде жүргізілген талдау нәтижелеріне қарасақ мемлекеттік тіл саясатын қолдайтын респонденттердің 98,8 пайызға жетуі тіл саясатының тиісті дәрежеде іске асып келе жатқанын аңғартады.

Сонымен қатар елімізде әрбір этностың өз тілі мен мәдениетін сақтауына және дамытуы­на барлық жағдай жасалған. Жыл сайын әр этномәдени бірлестік өздерінің тілі, мәдениеті, дәстүрі күндерін, төл мерекелерін кең көлемде атап өтуіне кедергі жоқ.

Латын әліпбиіне өту – уақыт талабы. Ол халықаралық аренада Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен субъектілігін айтарлықтай нығайтады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев бағдарламалық мақаласында: «Латын жазуына көшудің терең тарихи қисыны бар. Олар: қазіргі технологиялық ортаның, қазіргі дүниежүзіндегі коммуникацияның, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің ерекшеліктері» деп атап көрсетті. Қазір латын жазуы жалғыз Батыс өркениетімен ғана байланысты емес, әлем елдері оны прогресс пен ілгері дамудың шарты деп бағалайды. Ел мүддесі үшін қолға алынып жатқан игі бастамаларға қашанда қолдау көрсетіп келе жатқан өңіріміздегі түрлі этнос өкілдері ғылым мен техниканың қайнар көзіне баланған латын графикасына көшу – уақыт талабы деп санайды. Әрі ұлттық сана мен руханиятты жаңғыртуға апаратын төте жол екеніне сенеді.

Мақалада айтылған мақсаттар мен міндеттер әрбір Ассамблея мүшесінің көкейінде жүрген арман-тілектің тамырын тап басты деп санаймын. Жаңа тарихи жағдайлар жаңаша ойлаумен қатар, қоғамдық сананың да жаңартылған моделін талап етеді. Сондықтан Елбасының тапсырмаларын орындауда табандылық танытып, сөзіміз бен ісіміздің сәйкес болуы – басты міндет.

Мұратәлі ҚАЛМҰРАТОВ,

ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары