Осы жылы «ҚР Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» заң және Жоғарғы Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі мәселелері бойынша конституциялық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу Елбасы тапсырмасын берген еді.
Мемлекет басшысы судьялыққа кандидаттарды іріктеу тетіктері мен біліктілік талаптарын қатаңдатуды, сонымен қатар, судьялардың есеп беруін күшейтуді талап еткен болатын.
Яғни жаңа Заңның енгізілуімен Жоғарғы Сот Кеңесінің жеке аппараты құрылады. Сонымен, жүйелі қызмет үшін ұйымдастырушылық негіз құрылып, бұл кеңес жұмысын жақсартуға сеп болмақ. Судья қызметіне үміткерлердің еңбек өтіліне қойылатын жаңа талаптар да бекітілген.
– Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістермен сәйкестендіру мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оларға сәйкес, судьялыққа кандидаттар үшін жас шектелімі отыз жасқа дейін жоғарлатылды. Тағылымдамадан және полиграфологиялық зерттеуден өту талаптары жұмыс істеп жүрген судьялар болып табылатын кандидаттарға қолданылмайды. Бос судья лауазымдарына конкурсқа қатысушылардың барлығы құжаттарын Жоғары Сот Кеңесіне тапсырғаннан кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің және облыстық сотттардың жалпы отырыстарының қорытындыларын алуға тиіс, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан.
Судья лауазымынан өкілді органдардағы мемлекеттік лауазымға сайланған не тағайындалған, сондай-ақ судья лауазымынан сот төрелігін ұйымдық қамтамасыз етуге тікелей байланысты лауазымға тағайындалған адамдарға тағылымдамадан өтпей конкурстық негізде судья лауазымына орналасу құқығы берілген. Айта кетейік, бұл түзетулер 2017 жылы14 шілдеде күшіне енді.
Шынарай Әлімханқызының айтуынша, қалалық және аудандық соттың судьясы қызметін жиырма бес жасқа толған, жоғары заң бiлiмi бар, еңбек жолы мiнсiз және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар, біліктілік емтиханын тапсырған мамандар атқара алады. Ал мамандандырылған магистратурадағы оқуды бітірген адамдар оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады, медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растаған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
Тағы бір ерекшелігі, мамандандырылған магистратурадағы оқуды бiтiрген адамдардың оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы тағылымдамадан өтуі талап етiлмейді дейді ол.
Сот саласында ауыз толтырып айтуға тұрарлық маңызды шараның бірі – республика соттарындағы сот процестерін заманауи аудио-бейнетіркеу жүйелерімен 100 пайыз қамту. Соның нәтижесінде судьялар әрекеттеріне шағым түсіру екі есеге кеміген. Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізу сот қорғауына деген қолжетімділікті жеңілдеткен. Сөйтіп, қазіргі заманғы электрондық қызметтердің арқасында ел азаматтары «инстанциялар шабуылынан» босаған. Бұрын сот шешімін өзгерту үшін қажетті құжаттарды жинақтауға бірнеше күн кететін болса, қазір бірнеше минут ішінде арызды Интернет арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Мұның бәрі сот саласынжағы оң нәтижелер екенін ескерсек, елімізде құқықтық-демократиялық дамудың жолға қойылғанын аңғаруға болады.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» бағдарламасында сот жүйесіне реформа енгізудің айқын бағыт-бағдарын ұсынды. Соның ішінде сот саласын электронды жүйеге енгізу алғашқы орынға қойылған болатын. Сот процестерін бақылайтын бейнебақылау камералары санының көбеюі халықтың сот саласына деген сенімділігін күшейтіп, ашықтықты шақырды.
Мәселен, 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен «Сот құжаттарымен танысу» және «Сот кабинеті» атты жаңа электронды сервистері іске қосылды. Оған қоса, Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі «Төрелік» бағдарламасы арқылы сот ісі электрондық тәсілмен жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, сотқа келіп түскен талап-арыздар электронды түрде тіркеледі. Ал процеске қатысушы азаматтың ұялы телефон нөміріне немесе электрондық пошта мекен-жайына электронды хабарламалар (SMS-хабарлама) мен шақыртулар жолданады. Ал «Сот кабинеті» қызметі арқылы сотқа электрондық түрде талап арыз, сот актілерін беру туралы, сот мәжіліс хаттамасымен таныстыру туралы арыз, электрондық үндеулер жібере аласыз. Ол келіп түскен арызды қарау уақытын қысқартады.
Ақбота Мұсабекқызы